Шымкентте «Мотокөлік» профилактикалық іс-шарасы аясында 1000-ға жуық құқықбұзушылық анықталды. Ереже бұзған жүргізушілерге қатысты тиісті хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар, өрескел құқықбұзушылық жасаған көліктер айыптұраққа қойылды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, соңғы кезде мотокөлік жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбейген.
Шымкентте мотокөлік жүргізушілернің қатысуымен болатын жол көлік оқиғалары көбейген. Олардың басым бөлігінде адам өлімі де тіркелген. Мұны азайтып, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалалық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері арнайы рейд жүргізді. Ережені елемей, қауіпсіздікті сақтамай жүрген азаматтарға әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ «Мотокөлік» профилактикалық іс-шарасы аясында түсіндірме жұмысы жүргізілді.
«Каска неги кимегенсіз? Ол үшін 615 бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылады»
Шара барысында ереже бұзғандардың көбі қарама-қарсы қолзғалыс жолағына шығу, жылдамдықты асыру, басып озу тәртібін бұзу және маневр жасау бойынша жауапқа тартылды. Жалпы тәртіп сақшылары 5 тәулік ішінде 975 құқықбұзушылықты анықтады.
Ұлықбек Мылтықов, Шымкент қалалық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы: «Рота командирлері бағыт бойынша барлық мотокөліктерді ұстап, олармен профилактикалық жұмыс жүргізіңіздер. Құжатсыз жүрген мотокөліктерді айыптұраққа жауып, мас күйде жүргендерді анықтап, дер кезінде шара қолдану қажет».
Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері мотокөлік жүргізушілерін жол ережесі мен қала тыныштығын сақтауға шақырады. Сондай-ақ, скутерді 16 жастан асқан жасөспірімдер ғана тізгіндей алатынын ескертеді. Яғни, 13-14 жастағы балаларға заң бойынша тыйым салынған. Бұл үшін жауапкершілік те қарастырылған.