Шымкентте аптап ыстықтан ауруханаға түсіп жатқандар көп

6692

Шымкентте аптап ыстықтың беті қайтпай тұр. Қалада ағзасына күн өтіп, ауруханаға түсіп жатқан науқастар да көбейді. Сондықтан дәрігерлер мейлінше үйде болуға кеңес береді. Өйткені қатты ыстықтың кезінде бірнеше аурулар асқынып, денсаулығыңыз сыр беруі ықтимал. Аймақта мұндай ауа райы қанша күнге жалғасады? Синоптиктер не дейді? Аптап ыстықта күн өтуден қалай қорғану керек?

Шымкенттіктер қатты ыстық салдарынан денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түсіп жатыр. Қалалық №1 клиникалық ауруханасына бір апта ішінде қан қысымы көтерілген 10 науқас жатқызылған. Бұл өткен аймен салыстырғанда едәуір көп. Дәрігерлер ыстық ауа райында асқынатын ауруы бар адамдар мейлінше сыртқа шықпағаны абзал деп отыр. Күніне 2-2,5 литр су ішіп, үнемі бас киіммен немесе қолшатырмен жүру керек екенін ескертеді.

«Күн ысыған кезде асқынатын аурулар бар. Мысалы, артериялық қан қысымы, жүректің шамасыздығы, жүйке жүйесімен ауыратын адамдар, терісінде проблемасы барлар. Күннің тікелей адамға тиюіне байланысты аурулар асқынады. Мүмкіндігінше сыртқа шықпаған дұрыс. Шыққан күннің өзінде көлеңкемен, желдеткіші бар көлікпен жүру керек»,-деді Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының ұйымдастыру әдістемелік бөлімінің басшысы Қуаныш Лекеров.

Қала тұрғындарының бір бөлігі ыстықтан қорғану үшін суға түсуді жөн санайды. Бірақ, Төтенше жағдайлар депратаментіндегілер тек шомылуға рұқсат етілген су айдындарына баруға кеңес береді және сақтық шараларын қатаң ескеру қажеттігін еске салады.

«Су айдынында қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар. Бейтаныс жерде шомылмаңыз, суға мас күйде түспеңіз. Балаларды су маңайында қараусыз қалдырмаңыз. Жүзу үшін тақтайша, үрмелі матрас, пенопласты пайдалануға болмайды. Егер жүзу білмесеңіз, беліңізден асатын суға түспеуге кеңес береміз. Түнде суға шомылмаңыз. Жағалаудан алыс кетпеңіздер. Құрметті демалушы, сіздің қауіпсіздігіңіз – сіздің жауапкершілігіңіз»,-деп ескертеді Шымкент қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Серік Әуезхан.

Түркістан облысы мен Шымкентт қаласында аптап ыстық әлі үш күнге жалғасады. Синоптиктердің мәліметінше, 8 маусым күні қалада 36-38 градус ыстық күтіледі. Ал 9 маусым ауа температурасы 38-40 градусқа дейін көтеріледі деп болжанып отыр. Тек 10 маусым ғана ыстықтың беті қайтады дейді мамандар. Шамамен +33 және +35 градус болады. Бұл күндері мамандар ұсынған кеңестерді назарға алып, мейлінше үйде болыңыз!