Шымкентте көлік инфрақұрылымына бөлінетін қаржы көлемі 38 млрд. теңгеге жетті

48

Шымкенттегі қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі биыл 71 пайызға жетеді. Ал әр жыл сайын қалада 250 шақырымға жуық жол жөнделеді. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді. Сондай-ақ, жиында мегаполис басшысы дендрологиялық саябақты сату жөніндегі қауесетке қатысты мәлімдеме жасады.

Шымкентте көлік инфрақұрылымына бөлінетін қаржы көлемі биыл 38 млрд. теңгеге жетті. Кейінгі 5 жылда қалада 900 шақырымнан астам жол асфальттанған. Ал тас және топырақ жолдардың көлемі шамамен 1000 шақырымға жуық. Қала әкімі Мұрат Әйтенов биыл мегаполистегі қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 71 пайызға жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Әр жылда 200-250 ден аса шақырым жолдарды жөндейміз. Қаламызда бір 1000 шақырымдай жол қалған шығар топырақ. Олар әсіресе елдімекендерде. 5 жылдық жоспарда қойған жолдардың бірінші, орталық көшелер, екіншісі мектепке, әлеуметтік орындарға баратын жолдарды анықтайтын боламыз. Оны аяқтағаннан кейін екінші қосалқы көшелерге көшетін боламыз. Жалпы 2025 жылға дейін біз 75 пайызға Шымкент қаласының көшелерін қанағатты жағдай жасайтын боламыз».

Биыл басты магистралды жолдағы жолайрықтың құрылысы, сонымен қатар Бәйдібек би-Арғынбеков жолайрығы, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдары, Д.Қонаев даңғылының 3-ші кезеңін, А-2 автомобиль жолының 2-ші кезеңін, Т.Өтегенов көшесінің жалғасын, Темірлан тас жолы және А-2 автомобиль жолындағы үш жаяу жүргіншілер өткелдерін пайдалануға беру көзделіп отыр.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Соңғы 5 жылда ұзындығы 900 шақырымнан астам асфальтталған жол салынып, қаланың орталық бөлігіндегі ірі жолайрық пайдалануға берілді. Биылғы жылы қалаға кіреберістегі басты магистралды жолдағы жолайрықтың құрылысы, қаланың Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстыратын магистралды жолдың, қаланың транзиттік әлеуетін арттыратын айналма жолдарды пайдалануға беру жоспарлануда».

Қаладағы дендрологиялық саябақты жандандыруға 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Баспасөз жиынында қала әкімі дендросаябақ орналасқан жер учаскесін сату туралы әңгімеге байланысты түсініктеме берді. Ол бақ ерекше қорғалатын аумаққа жататындықтан оны ешкім сата алмайтынын атап өтті.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Әр жыл сайын біз дендросаябақты дамытамыз, өйткені ол біздің мақтанышымыз. Ол жерден 100-ден аса түрлі талдар бар. Кезінде 300 тал болған біз соған жеткізуге тырысып жатырмыз. Биыл бітірсек, ендігі жылдан бастап, суару жүйесі болса, мұндай жағдай болмайды деп ойлаймыз».

Мұрат Әйтенов сонымен қатар, халықты инфрақұрылыммен қамтуда бірінші кезекте, ауыз су, электр, табиғи газ мәселесін шешуге көңіл бөлінетінін атап өтті. Қала басшысы бұл мәселелер шешімін тапқан жағдайда көлік инфрақұрылымын дамытуға мән берілетінін жеткізді.

Гүлдана Сейдрасул