Шымкенттік мемлекеттік қызметкерлер арасында спорттың 7 түрі бойынша спартакиада өтті. Сайысқа 19 команда қатысып, өзара үздіктерді анықтады. Жүзден жүйрік атанған 7 команда ойыншылары Талдықорғанда өтетін республикалық додада қаланың намысын қорғайды.
Шымкентте мемлекеттік қызметкерлер күніне орай спартакиада өтті. Жарыста шағын футболдан мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері жүзден жүйрік атанды. Олар финалдық ойында қалалық сот құрамасымен кездесіп, 1:0 есебімен чемпиондық титулға ие болды.
Қуатбек Дәрібеков, Еңбекші ауданы МКБ өндіріп алу бөлімінің басшысы: «Финалда өз тобымыз бойынша сынға түскен қалалық сотпен қайта кездестік. Екеуінде де ол команданы жеңіп, чемпион атандық. Командамызда қақпашыдан бастап, барлық ойыншылар жеңіске жетуге атсалысты. Командамызға рақмет. Бәріміз бірге қуандық»
Жарысқа қаламыз бойынша 19 команда қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады. Сайысқа қатысушылар арасында биыл ғана құрылған Тұран ауданының спортшылары да бар. Командасын алға тартқан ойыншылар әр турға тыңғылықты дайындалғанын айтады.
Жандос Асқаров, Тұран аудандық әкім аппаратының бөлім басшысы: «Құрамада бізде адам толық жеткілікті. Сенбі-жексенбі күндері тыңғылықты жаттығып отырдық. Жоғары деңгейде дайындалдық»
Спартакиада спорттың 7 түрі бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда шымкенттік атқамінерлер шағын футбол, тоғызқұмалақ, волейбол, қазақ күресі, үстел теннисі, жүзу, бильярдтан сынға түсті.
Бағлан Асанбаев, Шымкент қаласы әкім аппаратының басшы орынбасары: «Мемлекеттік қызметкерлер арасында спартакиада ұйымдастырып отырмыз. Шараның басты мақсаты — бұқаралық спортты дамыту. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер арасында достық қарым-қатынасты нығайту»
Ал сайыс қорытындысына сәйкес жеңімпаз командалар Талдықорғанда өтетін республикалық спартакиадада үшінші мегаполис намысын қорғайды.