Шымкентте орындықтарға электронды кітаптардың QR коды ілініп жатыр

53

Шымкентте электронды кітаптар ілінген орындықтар қойылып жатыр. Абай атындағы кітапхана қызметкерлері қазақ классиктерінің туындыларын дәріптеуді қолға алды. Олар қоғамдық орында таңдаулы шығармалардың QR кодын ілу арқылы қала тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыруды көздейді.

Шымкентте Абай атындағы кітапхананың 1 және 10 бөлімшелері алдында электронды кітаптар ілінген орындықтар пайда болды. Қала тұрғыны Гүлшара Арқабаева мұнда келіп, немерелерімен бірге қазақ классиктерінің туындыларын оқитынын айтады. Зейнеткер әжейдің сөзінше бұл тіл байлығы азайып бара жатқан, жастар үшін өте тиімді жоба.


Гүлшара Арқабаева, Шымкент қаласының тұрғыны:  «Қазір қолым бос, далаға шығып кітап оқимын. Өзіммен бірге немерелерімді де алып шығамын. Себебі балалардың қазір тіл байлығы аз, сондықтан көбірек кітап оқысын деп алып шығамын. Қолайлы»

Жаңа жобаға «Бір ел, бір кітап» акциясы аясында Төлен Әбдіковтың 4 әйгілі шығармасы мен Спандияр Көбеевтің, Ғабит Мүсіреповтың, Әзілхан Нұршайықовтың туындылары енген. Мамандар олардың электронды нұсқасын дайындап, сайтқа жүктеген. Ол жақтың сілтемесін алу үшін орындықтарға ілінген QR кодқа ұялы телефонды жақындатса жеткілікті.


Гүлжан Бектаева, №10 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі:  «Кітап мұқабасында QR код белгіленген. Соны әрбір азамат түсіріп алып, кез келген жерде, үйінде, автобуста кетіп бара жатып, іс сапарда жүріп те  оқи алады. Оқырмандардың қызығушылығы өте жоғары. Бізге келіп, мұның қалай жұмыс істейтінін сұрап, QR код арқылы өздеріне жүктеп алып жатыр. Тіпті тұрғындар тарапынан тегін интернет желісі тартылса деген ойларын да айтып жатыр»

Шара қала тұрғындарын кітап оқуға шақыруға негізделген. QR кодтан бөлек, кітапханашылар телеграм канал ашып, сонда қазақ тіліндегі таңдаулы туындыларды жариялап отырады. Оның ішінде аз таралымда шыққан шығармалар да бар. Ал 6 кітапхана паракшасына кез келген тұрғын тегін тіркеле алады.