Шымкентте тегін тіл үйрету жобасы басталды

44

Шымкентте «Тілдер саябағы» әлеуметтік жобасы басталды. Дәстүрлі жоба биыл екінші рет өткізіліп отыр. Өткен жылы 400-ден аса адам қатысқан жобада қазақ тіліне қызығушылар саны көп болды дейді ұйымдастырушылар. Биыл тіл үйренгісі келетіндер қатарында 40-тан асқан азаматтар да бар. Бірегей жоба туралы толығырақ келесі бейнематериалда.

Еркін форматтағы тегін жоба! Шымкентте кез-келген тұрғынға табиғат аясында яғни саябақта отырып бірден бірнеше тілді меңгеруге мүмкіндік беретін «Тілдер саябағы» әлеуметтік жобасы басталды. 11 сынып оқушысы Төрежан Әкім екі жылдан бері оқутышы болып жұмыс істеп келеді. Ол қала тұрғындарына үш тілде сабақ береді. Әр жазғы демалысын пайдалы өткізуге тырысатын жас ерікті «білгеніммен өзгелермен бөліскенді ұнатамын» дейді. Сөзінше, полиглот болу – адамға көптеген мүмкіндік сыйлайды.

Төрежан Әкім, ерікті: «Оқытушы болған өте қиын болады, өйткені біз әр оқушыны өзімізге алып отырған жауапкершілік деп айтсақ болады. Біз оқушыларға үйреткен сайын, біз өзіміз білетін ақпаратты жеткізе білу керекпіз. Енді оған адамға кішкене таланат керек деп айтуға болатын шығар. Алдыңғы жылы мен 5-тен көп топқа сабақ бердім. Оның ішінде тек ағылшын ғана емес, қазақ және орыс тілін үйрету болды. Олардың арасында жас ерекшелігі маңызды емес. Біз әрқашан әртүрлі адамдарға үйретуге дайынбыз».

«Тілдер саябағы» жобасы биыл екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Мұндағы басты мақсат — қазақ тілін насихаттай отырып, қала тұрғындарының тілдерді үйренуге деген қызығушылығын арттыру дейді ұйымдастырушылар. Жоба саябақта, еркін форматта өтеді. Қатысушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйрене алады.

Айгерім Шерім, жоба ұйымдастырушысы: «Кез келген шымкенттік тұрғын жазда орталық саябаққа келіп, көрпешенің үстінде, көк шөпте отырып, тегін қазақ, орыс, ағылшын тілдерді оқып үйрене алады. Жас шектеулігі жоқ, 4-5 жастан бастап, 60 жасқа дейінгі аралықта қатыса алады. Бұл барлығы 3 ай бойы тегін тұрғындар қатыса алады. Біткеннен кейін әрбір қатысушы біздің орталықтан сертификаттар алады деңгейін бітірді деген»

Биыл тіл үйренуге 200-ден астам адам ниет білдіріпті. Қатысушыларды тіркеу әлі де жүріп жатыр. Олардың ең жасы 4-те болса, ең үлкені 49 жаста. Ал мектеп оқушылары өзге тілдерді меңгеруді бүгін бастап кетті.

Еңлік Сәбит, жобаға қатысушы: «Мен бұл жобаны бірінші рет естідім, қатысуға келдім. Ағылшын тілін үйреніп, өзімнің ағылшын тілі деңгейімді одан әрі жетілдіргім келеді. Ағылшын тілі курстарына қатысып тілімді одан әрі дамытқым келеді. Жазда бос жатпай, өзімнің кішкентай сіңлілерімді бірге ертіп келіп, ағылшын тілін үйренгім келеді.  Оқушылардан үйренген мүлдем басқаша болады, себебі мен оқушылардың қасында өзімді еркін сезінемін»

Жобаға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін кез келген жанның қатысуына мүмкіндігі бар. Ұйымдастырушылар биыл еріктілер түрік тілін үйретуге де ниет білдіріп отырғанын айтады.

Гүлдана Дәурен