Тұран АПБ-ның “102” арнасына жергілікті азамат арызданды. Ол өз шағымында, түнде күйеуімен бірге үйіне оралғанда белгісіз төрт адам ұрып-соғып, тонап кеткендігін жеткізді. Олар жәбірленушіден ақша мен смартфоны бар сөмкені алып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 350 мың теңгені құрады.
Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеді.
– Біз тонауға қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша бірқатар жедел іс-шаралар жүргіздік. Куәгерлермен сөйлесіп, оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбалары тексерілді. Соның арқасында, біз күдіктілердің ізіне түстік, – деді Тұран АПБ-ның тергеушісі Қанат Өтеген.
Нәтижесінде 2 тәулік ішінде екі күдікті қаладағы жабық базар аумағында, тағы екеуі Түркістан облысы Ордабасы ауданы аумағында ұсталды. Олардың барлығы Түркістан облысының тұрғындары болып шықты.
Тоналған мүліктер заңды иесіне қайтарылды. Өз кезегінде жәбірленушілер полиция департаменті бастығы Қайрат Дәлбековтің атына алғыс хат жазып, құқық қорғау органдарының жедел жұмысы үшін ризашылықтарын білдірді.