Шымкенттің қак ортасынан ер адамның мәйіті табылды

231

Шымкенттің қақ ортасынан мәйіт табылды. Ер адамның денесі Д. Қонаев даңғылы мен Түркістан көшесінің қиылысынан анықталған. Қалалық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, жергілікті тұрғындар тәртіп сақшыларына бұл туралы 7 маусым күні таңертең хабарлаған. Оқиға орнында өртенген шөп пен қоқысты байқауға болады. Бірақ, жақын маңдағы үй тұрғындары бұл оқиғадан бейхабар болып шықты.

«Бұл оқиға туралы ештеңе естіген жоқпыз», дейді тұрғындар.

Оқиға орнына келген полицейлер мәйітте зорлық-зомбылық белгілері бар-жоғын тексерді, бірақ алғашқы қарау барысында ешқандай белгілер табылған жоқ. Ал қайтыс болған адам шамамен 60 жастағы Шымкент тұрғыны екені белгілі болды. Тәртіп сақшылары тергеу жүріп жатқандықтан адам өлімінің нақты себебін айтқан жоқ. Оқиғаның мән-жайын тергеу тобы мен сот-медициналық сараптама анықтайды.

«7 маусым күні Шымкент қаласының көшелерінің бірінде зорлық-зомбылықпен өлімнің белгілері жоқ ер адамның мәйіті табылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр»,-делінген Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.