Су объектілерінің эстетикалық, рекреациялық, мәдени маңызы бар. Көктем және жаз мезгілінде ашық су көздерінің ластануының негізгі себебі – адами факторлар.
Тұрғын үйлер мен кәсіпорындардың ағынды сулары, ауыл шаруашылығында қолданылатын химиялық заттар, машиналарды жуу, су объектілеріне тасталатын және жағалауларда қалдырылатын қатты тұрмыстық қалдықтар – мұның бәрі ластануға әкеледі. Су объектілеріне енгеннен кейін заттардың көп бөлігі олардың түбіне түсіп, судың дәмін, иісін, түсін және мөлдірлігін бұзады.
Бактериялар мен саңырауқұлақтардың тіршілік әрекетіне байланысты органикалық бөлшектер күкіртсутек, аммиак, метан, көмірқышқыл газының, т.б. бөліну әсерінен ашып, ыдырайды. Бұл процесс тірі организмдерге теріс әсер етеді, өсімдіктердің өліміне, балықтарда, жануарларда, құстарда аурулардың пайда болуына әкеледі.
Сонымен қатар, құрамында органикалық заттар көп ортада патогендік бактериялар тез көбейеді. Сондықтан ластанған суды ішу және ластанған тоғандарда шомылу әртүрлі ішек инфекцияларының (тырысқақ, паразиттік аурулар және т.б.), тері ауруларының, ас қорытудың бұзылуының, эндокриндік жүйенің патологиясына әкелуі мүмкін.
Қарапайым ережелерді сақтай отырып, су объектілерінің ластануына жол бермеуге болады. Ол үшін суды үнемдеп жұмсауға, қоқысты суға және оның жағалауына тастамауға, тоғандарды тазарту жұмыстарын жүргізуге, өзендердің жағасына ағаш отырғызуға тырысу керек. Біздің әрқайсымыз су көздерін таза ұстауға көмектесе аламыз!
Ә. Төлебаев,
Шымкент қ. СЭБД басшысы