«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і тарифті көтеру бойынша өтініммен шықты

57

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде «Су ресустары–Маркетинг» ЖШС-нің суды таратушы желілер арқылы беру және сарқынды суларды бұру қызметтері бойынша «2023-2026 жылдарға арналған тарифтер және тарифтік сметалар жобасы» қаралуда.

Жария тыңдаудағы тартысты талқылауда серіктестік басшысы ұсынысын жеткізді. Жоба бойынша суға орташа есеппен 1,52 пайыз өсім, кәріз жүйесіне 30,67 пайыз өсім  қаралған.

Анарбек Орман, «Су ресурстары- Маркетинг» ЖШС -нің бас директоры: «Біз суға  тарифті 10 пайызға, ал канализацияға 30,7 пайызға  көтеруді сұрап отырмыз. Тарифті кезең-кезеңімен көтеру керек. Жылда сонда небәрі 2 теңгеге көтеріледі. Тозығы жеткен жүйелерді жаңалау керек. Президент тапсырма берді. Соны біз орындауымыз керек».

Республикада суға ең қымбат тариф Ақтауда, сосын Қарағанды, үшінші орында Шымкент қаласы деп статистиканы келтірді департмент басшысы.

«Біздің департамент екі мемлекеттік органдардың қорытындысы бойынша шешім қабылдайды. 1 миллион халықтың пікірі де маңызды. Әкім халықпен кездесулерде кәріз жүйесінің 47 пайызға  тозығы жеткенімен келісіп, кәріз жүйесі тарифін  орташа есеппен 30 пайызға көтеру жөнінде келісіп отыр,-» дейді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дархан Қаинбердиев.

Тариф мәселесі өзекті, сондықтан талқылауға халық қалаулыларынан бастап жергілікті биліктегілер міндетті түрде қатысуы керек деген пікірлер де айтылды.

Жанысбек Өтеген, Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі: «1 млн. халық, әкім неге сол халықтың тағдыры шешіліп жатқанда келмейді, қатыспайды. Энергетикадан неге қатыспайды? Бұл мәселені асығып қарамау керек. Қажет болса, қоғамдық кеңестің отырысында қайта қарайық».

Исмаилбек Шалабаев, Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі: «Тариф мәселесінде әкім қысым жасамауы керек. Егерде су тарифі 10 пайызға көтерілсе,  2-3 теңге қосылады екен. Біз осы шешімді қолдасақ, менің ойымша сала министрлігі  де түсіністік танытады. Кейін «давление» бергенде  құбырлар жарылса, апат орын алғанда ғана әрекеттену керек пе? Неге соның алдын алмасқа?».

Суға, кәріз жүйесіне тарифті көтеру бойынша монополист субъектісінің өтінімі заң бойынша жария тыңдауларда қаралады, оны бекіту бойынша шешім бір айда қабылданады.