Түркістан облысы Түлкібас ауданында жантүршігерлік қанды оқиғаға нүкте қойылды. Бөтелкелесін балтамен өлтірген ер кісі сотталды. Үкім облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды.
Оқиға биыл 13 наурыз күні болған. 12 наурызда екі ер адам бірінің үйінде арақ ішіп, көңіл көтерген. Содан оның бірі үйіне мас халде келіп, есікті құлыптамастан ұйқыға жатып қалған. 13 наурыз күні сағат 01:30 шамасында жәбірленуші мас халде бөтелкелесінің үйіне барып, өзімен бірге алып барған сабы ағаштан, жүзі темірден жасалған балтамен шырт ұйқыда жатқан досының бас тұсынан бір рет ұрған. Кейін балтаның ағаш сабымен оны қылқындырған. Сол сәтте досы қол астында тұрған қайшыны алып, жәбірленушінің сол жақ қол тұсына бірнеше соққы жасаған. Содан досының қолындағы балтасын күштеп тартып алып, қасақана қазаға ұшырату мақсатында бас тұсынан балтаның жүзімен бірнеше рет соққылаған. Алған дене жарақатынан жәбірленуші мерт болды.
Сотта досын өлтірген ер адамға Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен айып тағылды. Ол өз кінәсін толық мойындады.
Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 9 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады. Айта кетейік, үкім заңды күшіне енбеген.