Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй бастаған көрші ел өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында екіжақты әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды.
Түркістанда Қытай тәжірибесімен бірнеше зауыт-фабрикалар ашылмақ. Бұл туралы облыс әкімі мен Қытай Халық республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэйдің кездесуінде айтылды. Сондай-ақ тараптар инновациялар мен жаңа технологиялар саласындағы әріптестік мәселелері және екіжақты ауқымды жобалар мен тауар айналымы туралы пікір алмасты. Ал рухани астанаға алғаш рет келген бас консул өз әсерімен бөлісіп, бірлесе жұмыс жасауға ниетті екенін жеткізді.
«Түркістанның таңғажайып көрінісін көріп таң қалдым. Көздің жауын алатын көрікті мекендегі әсем ғимараттар мен жаңа нысандар керемет үйлескен. Осындай өңірмен әріптестік, ынтымақтастық байланыстарды нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Түркістан – ресурсы өте бай өңір. Ауыл шаруашылығы, «жасыл» энергетика, инфрақұрылым, сауда-саттық және туризм салалары бойынша жұмыс атқаруға болады. Бұл – екіжақты әріптестіктің басы ғана»,-деді Цзян Вэй.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан өлкесінің Қытаймен шекаралас аймақтарының экономикалық, туристік және басқа да бағыттардағы инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталды. Сонымен бірге терең өңдеу саласына инвестиция салуға шақырды. Түркістан облысының әлеуеті жайлы айтқан өңір басшысы бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларға толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«Бізде 170 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығымен жыл он екі ай бойы айналысуға мүмкіндік бар. Туризм саласын дамыту — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған басты міндеттердің бірі. Осыған байланысты біз туристік инфрақұрылымды жақсартуға, оның ішінде қонақ үйлер мен туристік кешендердің құрылысына ерекше назар аударамыз. Қазақстан үшін Қытай әлемдегі ең ірі экономиканың қақпасы болса, Қытай үшін біздің еліміз ЕАЭО және Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ және Еуропа нарықтарына жылдам логистикалық бағыттар ашады»,-деді облыс әкімі.
Сонымен қатар жақын арада Түркістан облысындағы әр аудан әкімдері мен бизнес өкілдері Қытайға барып, тәжірибе алмасатын болды. Онда мамандар зауыт-фабрикалар ашудың және оны ірі өндіріске жеткізудің қыр-сырымен танысады. Мұндағы басты мақсат- Түркістанда жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен бірнеше зауыт ашып, халықты жұмыспен қамту.