Жеті жылда 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда

42

Қазақстан үкіметі 7 жыл ішінде 111 млн. шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен президенттің Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында баспанамен қамтамасыз ету шаралары қаралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев алдағы жылдары 1 миллионнан астам отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты. Қойылған міндетке қол жеткізу үшін 2029 жылдың соңына дейін республика бойынша тұрғын үйді пайдалануға беруді жыл сайын 200 мың шаршы метрге арттыру көзделген. Атап айтқанда, биыл 15,3 млн шаршы метр немесе 143 мыңнан астам пәтерді аяқтау жоспарлануда.
Жұмыстарды уақтылы атқару үшін әкімдіктер нақты нысандар мен олардың орындалу мерзімдерін көрсете отырып, жол карталарын бекітті. Министрлік әрбір пайдалануға берілетін нысанға ай сайын мониторинг жүргізеді. 4 айдың қорытындысы бойынша жалпы республикалық жоспарлы көрсеткіш 19%-ға артығымен орындалды: жоспарланған 3,6 млн шаршы метрдің орнына 4,3 млн шаршы метр – 36,6 мың пәтер салынды.
Смайылов мемлекет басшысы 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу туралы міндет қойғанын атап өтті. Оның айтуынша, былтыр 130 мыңнан астам отбасы баспана жағдайын жақсарта алды.
«Бұл ретте, жоспар асыра орындалған өңірлердің ішінде Астана, Алматы қалаларын және Алматы облысын атап өтуге болады. Ал Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында жоспар орындалмай қалды», — деді премьер-министр.
Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша Абай, Маңғыстау және Ұлытау облыстары жоспардан артта қалып келе жатыр.
«Баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін маңызы өте зор. Бұл еліміздің ірі қалаларында барынша өзекті болып отыр. Бүгінде 600 мыңнан астам отбасы тұрғын үйге мұқтаж жандардың есебінде тұр. Аталған мәселені біртіндеп, жүйелі түрде шешу керек. Бізде Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында бірқатар бағыт көзделген», — деді премьер-министр.