Жіті ішек инфекциялары (ЖІИ) – әртүрлі микроорганизмдер (бактерия, вирустар) тудыратын, асқазан-ішек жолдарының бұзылуымен жүретін және организмді сусыздандыратын жұқпалы аурулар тобы.
ЖІИ жылдың барлық мезгілінде кездеседі: суық мезгілде – вирусты инфекциялар, жылдың жылы мезгілінде – бактериалды инфекциялар түрінде.
ЖІИ – диарея (іш өту) синдромының дамуынан туындайтын үлкен аурулар тобы. ЖІИ-мен ересектер мен балалар да ауырады. Барлық аурулардың 20 пайызын құрайды.
Жылы климаттың қолайлы әсері микроорганизмдердің көбеюіне әсер етеді. Әсіресе, жазғы мезгілде жіті ішек аурушаңдығының деңгейі жоғарылайды.
Бұл кезеңде судың, топырақтың, тағамдық өнімдердің ішек инфекциясының қоздырғыштарымен ластану деңгейі жоғарылайды.
Жылы мезгілде ішек инфекциясымен балалар жиі ауырады, себебі балаларда қорғаныс факторларының белсенділігінің және балалардың гигиеналық дағдылануларының төмендігімен байланысты. Балалардың асқазан-ішек жолдарында иммундық қорғаныс тек 5 жасына қарай қалыптасады.
Жіті ішек жұқпалы ауруларының қоздырғыштары сыртқы ортаға өте төзімді: іш сүзегі, паратиф қоздырғыштары сүтте 2 ай және одан жоғары сақталады; дизентерия микробтары сүтте 7 күнге дейін көбейіп, сақталады, ал өзен суында 35 күнге дейін; вирустар әртүрлі заттарда 10 күннен 30 күнге дейін өмір сүру қабілетін сақтайды, ал нәжісте жарты жылға дейін сақталады.
Негізгі ауру көзі болып ауру адам мен бактерия тасымалдаушылар. Тасымалдаушыларда ауру жасырын түрде өтеді, оны тасымалдаушының өзі де білмеуі мүмкін.
Адам организміне бактериялар ауыз арқылы тағаммен, сумен немесе кір қолмен жұғады. Дизентерия құдықтың залалсыздандырылмаған суын ішіп қолданғанда, қайнатылмаған сүт ішкенде басталуы мүмкін. Ішек таяқшалары организмге сақтау мерзімі өткен сүт өнімдерімен түсуі мүмкін.
Сальмонеллезбен тауық етін немесе жұмыртқасын, таза жуылмаған жеміс-жидектерден, көкөністерден жұқтыру қаупі бар.
Аурудың инкубациялық кезеңі – орташа 6 сағаттан 2 күнге дейін созылады.
Науқастарда жедел дене қызуының көтерілуімен, сұйық дәрет, ішінің ауруымен басталады. Асқазанның ауырсынуы, жүрек айнып, бірнеше рет құсу, іш өтуі жиілейді (нәжісі су тәріздес болады), әлсіз болады. Организмнің сусыздануы балалар мен қариялар үшін өте қауіпті.
Науқастар өздігінен ауруды басатын дәрі-дәрмектерді, диареяға қарсы қолданылатын дәрілік заттарды қолдануға, әсіресе антибиотиктерді, дәрігерлер тағайындамаған жағдайда қолдануға тыйым салынады. Ішек инфекциясында токсиндер ішекте жинақталатындықтан мұндай заттарды қолдану токсиндердің көптеп жиналуына алып келуі мүмкін. Бұл тек қабыну процесін күшейтеді.
Жіті ішек инфекцияларының алдын алу іc-шаралары:
— жеміс-жидектер мен көкөністерді ағынды су астында таза жуғаннан кейін пайдаланған абзал;
— өнімдердің жақсылап қуырылып, қайнатылуына көңіл бөлу керек;
— жұмыртқаны шикі немесе шала қайнатылған күйінде қолданбаған жөн;
— дайын тамақты пайдалану кезінде оның исіне, дәміне мұқият мән беріп, тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта сақтау қажет;
— арнайы көрсетілген жерлерде шомылу керек;
— суды тұтынар алдында міндетті түрде қайнату немесе бөтелкедегі суды ішу керек;
— балаларды әрбір тамақтандырар және тамағын дайындар алдында қолды таза сабындап жуу керек, оның әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстау қажет;
— ішек инфекцияларының алдын алу үшін жеке бас тазалығын қатаң сақтаған жөн.
Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан, өткір ішек жұқпаларының жоғарыда көрсетілген белгілерінің бірі байқалса, тез арада дәрігердің көмегіне жүгіну керек!
Ә. Төлебаев,
Шымкент қ. СЭБД басшысы