113 мұғалім аттестаттауда шпаргалка мен смартфон қолданбақ болған

59

Биология пәнінің мұғалімі Мөлдір Берниязова кеше ғана аттестаттаудан өтті. Сөзінше, жыл өткен сайын тестілеу жеңілдей түскен. Егер бұрын мұғалімдерге 100 сұрақ берілсе, қазір тек 50 сұрақ ұсынылады. Оның 30-ы бейіндік пән бойынша, ал 20 сұрақ оқыту әдістемесі бойынша беріледі.

Мөлдір Берниязова, биология пәнінің мұғалімі: «Әрине, қиындықтар болады. Егер мұғалім білімді болса, өзіне сенімді болса, мен ойлаймын ол жерде ешқандай қиындық туындамайды деп. Өзім кеше ғана осы біліктілік арттыру тестін тапсырып шықтым. Пән бойынша 25 балл жинақтап, педагогика бойынша 19 жинақтап шықтым. Өте қуаныштымын».

Бұл сынақта мұғалімдердің бәріне жоғары баға алу оңайға түспейтіні анық, әрине. Ол үшін түрлі амал-айла қолданатындар да бар көрінеді. Мәселен, бір мұғалімнің көйлегінің астында сымдар желісі байқалған. Ол арқылы ұстазға сұрақтардың дұрыс жауап нұсқалары берілген болуы мүмкін.

Жалпы елімізде мұғалімдерді аттестаттау 10 шілдеде басталды. Үш күн ішінде тексерушілер тестілеуге смартфондар мен шпаргалкаларды алып кіруге тырысқан және алып кірген 113 мұғалім анықталды. Олар енді тек 5 жылдан кейін ғана қайта тексеруден өте алады. Мамандар мұғалімдерді аттестаттау қажет дейді. Бірақ мұғалімнің өтуі үшін тест тапсырмаларына қойылатын сұрақтар жалпыға қол жетімді болуы керек. Сонымен қатар, қазір мұғалім тестілеуден сүрінсе, ол санатынан айырылады.

Наталья Дрейт, Қазақстандық білім беру сарапшылары лигасының Вице-президенті:
«Санатты алған кезде ол сізге бекітіліп, 2-3 жылдан кейін де сізде болуы керек. Кейін сіз өз санатыңызды арттырғыңыз келсе, барып, жоғарылатасыз және бұл туралы ешкімге айтып жүйкеңізді жұқартпайсыз. Егер порталда орын бар болса, тапсырасыз. Жақсы тапсыра алмасаңыз, әрі қарай дайындалыңыз. Ал тапсырса, құжатты мектепке алып келеді, сәйкесінше жалақы өсіп, санат артады. Мүмкін, осындай қиындықтардан кейін, біздің мұғалімдер қобалжып, тестілеуден өте алмай жатады».

Сонымен қатар, маман шпаргалка қолданатын мұғалімдерге мектепте орын жоқ деген пікірде. Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері тестілеу – мұғалімдердің әлсіз тұстарын анықтап, онымен жұмыс істеуге, уақыт талабына сай болуға мүмкіндік беретінін айтады.

Айман Дүйсембаева, ҚР ОАМ орта білім комитеті басқармасының басшысы: «Мұғалімдердің ешқайсысы көмек парағын алып кірмеуі қажет. Менің ойымша, бұл мұғалім этикасына қайшы келеді. Пәнді білу, педагогика мен психологияны білу, оқыту әдістемесін білу – мұғалім үшін басты талаптардың бірі. Сондықтан біз 5 жылда бір рет мұғалімдерді аттестаттаудан өткіземіз».

Дегенмен, ведомство тестілеу сұрақтарын педагогтардың өздері әзірлейтінін айтады. Сондықтан қате сұрақтар болмауы тиіс.

Гүлдана Дәурен