Әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі артты

73

1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі артты. Оны анықтауда қолданылатын коэффициенттік көрсеткіштер де өзгерді. Қолданыстағы Заңның талаптарына сәйкес, енді бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар 89 248 теңге көлемінде жәрдемақы алатын болды.

Бұрын мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері 77 889 теңге еді. Өзгерістер асыраушысынан айырылған отбасылар, мүгедектігі бар зейнеткерлерге қатысты.

Мәдина Бегімова зейнетақысын үнемі айдың басында алады. Немерелері жазғы демалыста болғандықтан әжесіне ақша артықтық етпейді. «Шілдеден бастап зейнетақы мөлшері өсті деген хабарды естідім. Мүмкін бізге де беріп қалар деп келгенім ғой»,- дейді зейнеткер.

Мәдина Бегімова, зейнеткер: «Инфляция, барлығы қымбаттап жатыр. Ақшаның құны жоқ. Кімге оңай қазір. Блаларға көмек көрсету керек. Одан қалса, немерелер бар. 4 мың берсе де, 2 мың берсе де жақсы ғой».

Дегенмен, сала мамандары, ҚР Әлеуметтік кодексінің нормаларын және мемлекет басшысының жәрдемақы көлемін ұлғайту туралы тапсырмасын орындау мақсатында 1-ші шілдеден бастап тек мүгедектігі бар зейнеркерлерге ғана төлем жасалады дейді.

Ержан Ергеш, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары: «Шымкентте 80 мың зейнеткер бар. Бірақ олардың барлығына Әлеуметтік кодекс бойынша төлемдер жасалмайды. Тек мүгедектігі бар зейнеткерлерге ғана».

1-ші шілдеден бастап Қазақстан аумағында Әлеуметтік Кодекс қолданыста болады. Құжатқа сәйкес, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері артады.

Ержан Ергеш, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары: «Бірінші топтағы мүгедектер 11 мың артық алатын болады. Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға  енді 89 248 теңге  мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. Екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар 71 398 теңге, үшінші топ- 48 681 теңге  төленеді».

Әлеуметтік кодекс талаптарына сәйкес мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға тікелей күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін анықтауға арналған коэффициент 1,40 өзгертіліп, ең төмен күн көріс деңгейінің 1,61 коэффицент есебінен арттырылып, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап жәрдемақы 65 313 теңгені құрайтын болады.