Аптап ыстық салдарынан жедел жәрдем шақырулар саны екі мыңға жетті

102

Шымкентте ауа температурасы жоғарылап, аптап ыстық әлі де сақталуда. Салдарынан қала тұрғындары медициналық көмекке жиі жүгіне бастады. Азаматтардың басым бөлігінде күн өтудің белгілері бар.

Науқастар қан қысымның жоғарылауына байланысты жүректің ауырсынуы бойынша да шағымдануда. Кеңседе жұмыс істейтін қызметкерлер желдеткіштің көмегімен ыстықтан қорғанса курьерлер күні бойы аптаптың астында жүруге мәжбүр.

Оңтүстік өңірде аптап ыстықтың беті қайтпай тұр. Ал мамандар Шымкентте әлі де бірнеше күн қатарынан күндіз 40 тан жоғары температура сақталады дейді.

Махамбет Маратов,  «Казгидромет»  РМК инженер-синоптигі: «13 шілдеден бастап Шымкентте ауа-райы жауын-шашынсыз ауыспалы, бұлттылық күтіледі. Түнде ауа температурасы +25 + 27 градус, күндіз термометрлер 41 градусқа дейін көтеріледі».

Синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Себебі олардың айтуынша, аптап ыстық әлі ұзақ сақталатын көрінеді. Бұл жергілікті халық үшін үйреншікті жағдай емес. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы уақытта жедел жәрдем шақыруларының саны 2 мыңнан асып жатыр. Медициналық көмекке жүгінушілердің көбі ұзақ уақыт күн астында жүріп қалғандар.

Лаура Жиеналиева, «112» колл -орталығы меңгерушісінің м. а: «Бас ауру, бас айналу жиі орын алып жатыр. Жүрек қантамырларымен ауыратындардың жиі қысымы көтеріліп-түсіп жатыр. Жастар арасында да кездесіп жатыр».

Бұл ыстық сыртта жұмыс істейтін азаматтар үшін қиынға соғып жатыр. Әсіресе азық-түлікті тасымалдаушылар, құрылысшылар және асфальт төсеуші мамандар аптаптың астында жүріп еңбек етуге мәжбүр. Десе де Шымкентте жол жөндеу жұмыстар жаз айларында қарқынды жүргізіледі.

Нурилла Патшахан, жол жөндеуші: «Жұмысты таңғы 6 -да бастаймыз. Түске дейін аяқтап, төрттен бастап қайта кірісеміз. Суды көп ішуге тырысамыз. Арнайы күннен қорғайтын бетперде тағамыз. Ол күннің ыстығынан қорғануға мүмкіндік береді».

Басыңыздан күн өтіп кетпеуі үшін дәрігерлер ыстықта аз жүруге шақырады. Әсіресе, түскі уақытта кем дегенде екі литр сұйықтық ішуді, бас киім киюді ұсынады. Күн сәулесінен ауырсынуды сезінсеңіз бірден дәрігерге жүгіну қажет. Себебі бұл уақытта қан қысымы көтереліп немесе төмендеу жағдайлары көп орын алады.