Ақтас елдімекенінде ауызсу мен жарық мәселесі жыл соңына дейін шешімін табады

Шымкентте Ақтас елдімекеніндегі басты көшелердің біріне тұрғындар ұзақ күткен бағдаршам қойылды. Енді олар балаларын мектепке жіберуге қорықпайтынын айтады. Дегенмен елдімекен ақсқалдары аймақтағы көшелерге атау беріп, асфальт төсесе, ауыз су мен жарық мәселесін тезірек шешіп берсе екен дейді.

Ақтас елді мекеніне «ақылды» бағдаршам орнатылып, тұрғындардың көңілі жайланды. Жиналғандардың сөзінше, бұл жолда талай рет балаларды көлік қағып кеткен. Жол-көлік оқиғалары жиілегеннен кейін тұрғындар аудан әкімдігіне өтінім беріпті. Ауыл белсенділері енді бағдаршам қойылғалы жол жүрісі біршама реттелгенін алға тартты.

«Ақтастың тұрғындары осы «ақылды» бағдаршамды күткенімізге 10 жылдай уақыт болды. Енді Алла тағалам өзі айтқан кезінде, “Сақтансаң сақтаймын” деген және “Сақтықта қорлық жоқ” деген. Осындай халықтың өмір тіршілік қауіпсіздігін сақтау жолында еңбек еткен ағаларымызға рақметімізді айтамыз»,-деді Ақтас елдімекенінің тұрғыны Әуезхан Бүркіт. 

«Бұрын разворот болған, анау мешіттің тұсында. Аз жасқа келген жоқпыз. Пайғамбар жасынан астық, Құдайға мың да бір тоба! Мына кісі де, мына кісі де… Бәріміз намаз оқиық десек, сөздің ашығы, анадан өту керек. Жаңбыр болады. Ананың іші суға толып қалады. Соған ана жерден берсе… Біз де Аллаға құлшылық қылсақ…» – дейді тұрғындар.

Аймақта бағдаршамның жағдайы реттелгенімен шешілмеген мәселелер де баршылық. Мәселен, елдімекен тұрғыны Сарыбай Бекбаев көшеге айналмалы жол керек деп отыр. Бүгінде тұрғындар көшенің арғы бетіне төрт түлікпен бірге «жер асты» жолы арқылы амалдап өтіп жүргендерін айтады. Алайда  жаңбыр, қар жауған күндері ол жолға су толып жабылып қалады екен.

Жиналғандар елдімекен көшелерінде не атау не асфальт жоқ екенін айтады. Ал жедел жәрдем шақырса, үлкен жолға шығып, медициналық көлікті өзіміз күтіп аламыз деп отыр. Сонымен қатар аймақта ауыз су мен жарық мәселесі де шешілмепті. Ақсақалдар жарықтың жоқтығынан кеш қарайғанда балалар көшеде ойнай да алмайды деп қынжылады.

«Көшемізге тас төсеп береміз деп уәде беріп жатыр. Соны енді артынан асфальттап берсе, көшемізге ат берсе. Жедел жәрдем шақырамыз. Оны жолдан күтіп алып, сөйтіп үйімізге апарамыз»,-деді Ақтас елдімекенінің тұрғыны Сарыбай Бекбаев.

«Ауыз су мәселесі бізде өте күрделі, қинап жатыр. Счетщиктерімізді сындырып кетіп жатыр. Соған әрқайсымызға жеке-жеке «коробкаға» қойып берсе. Көшені жарықтандырып берсе екен. Сонымен қатар көшелерге атау берсе, одан кейін асфальт төсеп берсей деймін»,- дейді елдімекен тұрғыны Орал Жаппаров.

Тұран ауданы әкімінің орынбасары биыл 4 шақырым жолға шағал тас, 4 көшеге асфальт төселеді деп отыр. Бұл жұмыстарға қаржы да қаралып қойған. Ал жаздың аяғына дейін өңірге табиғи газ кірмек. 2 көшеге жарық жүргізу мәселесі де жыл аяғына дейін шешімін табады дейді жауаптылар.

«4 көшені: Ащыөзек, 4-5-7 көшелерді асфальттау жоспарлануда. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы анықталып, енді жұмыстарды бастайтын болады. Сонымен қатар 10 көшеге, 4 шақырым жолға шағал тас төсеу жұмыстары жоспарлануда. Одан бөлек 2 көшеге жарықтандыру жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Ол жұмыстардың барлығы рет-ретімен, кезең-кезеңімен атқарылатын болады. Бұл жұмыстың бәрі жыл соңына дейін шешілетін мәселе. Қазіргі таңда бюджеттен қаржы қаралып қойған көшелердің, жаңағы шағал тас, жарықтандырудың бәріне бюджеттен қаржы шешіліп қойған. Тек қана кезең-кезеңімен істелу ғана қалып тұр»,-деді Тұран ауданы әкімінің орынбасары Аманжол Бекбол. 

Әкімдік өкілдері тұрғындармен тығыз байланыста екенін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде Ақтас елді мекенінің атауын өзгерту туралы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Енді өңір атауы «Құлагер» деп өзгереді. Мамандар мәселе комиссияның тексеруінде екенін айтты.