Ауыл кәсіпкерлерінің жағдайы әрдайым әкім назарында

31

Ауыл кәсіпкерлерінің жағдайы әрдайым әкім назарында. Бүгінде Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында 16 өндіріс ошағы жұмыс істеп т ұр. Бұдан бөлек, кішігірім жеке кәсіпкерлікпен айналысатындардың да қарасы қалың. Олардың аудан экономикасын өрлетуге қосып отырған үлесі қомақты.

Алдағы уақытта жеке кәсіпкерлікпен айналысатындардың қатары тағы да арта түспек. Оған «Ауыл аманаты» жобасының септігі тиері сөзсіз. Негізінде қазығұрттықтардың басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Мал абсын көбейтіп, етті, сүтті бағытты таңдағандар көп. Одан бөлек, жылыжай шаруашылығын дамытуға ден қойғандардың да қатары молынан. Шағын ғана ауласына гүл егіп, оны сатып, нәпақасын айырып отырғандар да баршылық. Иісі жұпар аңқыған раушан гүлдерінің басым бөлігі осы Қазығұрт ауданында өсіріледі.

ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында, аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың үшінші тоқсандағы халықпен жүздесу жиындары басталды. Алтынтөбе ауыл округі Алтынтөбе елді мекенінен басталған кездесу, Жаңабазар ауыл округі Жаңаталап елді мекенінде жалғасын тапты.

Кездесу барысында елді мекен тұрғындары тарапынан ауыз су, ағын су, көше жарығы, электр бағаналарын ауыстыру, жол жөндеу және жол кедергісін орнату, жайылым жер, кәсіпкерлікті дамыту, қоқыс полигондары, балалар алаңшасы, медициналық пункт салу мәселелер төңірегінде сұрақтар мен өтініштер айтылды. Ауыл азаматтары тарапынан қойылған барша сұрақтарға аудан әкімі Азизхан Азимханұлы толыққанды жауап беріп, айтылған ұсыныстар бойынша мекеме және бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеп, барша мәселенің назарға алынатынын, сондай-ақ кезең-кезеңімен жоспар бойынша шешімін табатынын айтып өтті.

Өз кезегінде аудан әкімі Азизхан Азимханұлы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының сәтті жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Аул халқының тұрмысын түзеу басты назарда тұрғанын жеткізді. Ол үшін тиісті тапсырмалар беріліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Аталған ауыл округі тұрғындары көкейлеріндегі барша сұрақтарға қанағаттанарлық жауап алып, ауыл ақсақалдары аудан әкімі мен барша қызметкерлерге ел атынан алғыстарын білдірді.