«Байкерсымақтар». Бір топ жігіт Шымкент көшелерінде ойына келгенін істеген

82

Шымкент көшелерінде ойына келгенін жасаған «байкерсымақтар» жазаланды.

Мопед мінген 10 жас жігіт түнгі уақытта Арбатта жиналып, нағыз байкерлерге еліктеп, қаланы аралап шығуды ұйғарған. Жігіттер өздерін автожолдардың иесі сияқты сезініп, жол үстінде ойларына келгенін істей бастаған.

Полиция департаменті жедел басқару орталығының инспекторлары бейнебақылау камералары арқылы мопедистердің көптеген заң бұзушылықтар жасап жатқанын байқаған. Содан орталық кезекшісі оларды ұстау үшін патрульдік полицейлерге бағыт-бағдар берген.

«Тәртіп сақшылары «шуылдақтарды» Байтұрсынов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында ұстады. Бейберекет жүруді ұнататындар ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабымен ( Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) жауапқа тартылды» деп хабарлады полициядан.

Бұдан бөлек, олардың кейбіріне қатысты о баста жиналған орындарында темекі қалдығын және өзге де қоқысты тастағаны үшін ӘҚБтК-нің 434-2 бабы ( Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша хаттама толтырылды.