Шымкент қаласында бүгінде 588 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның ішінде 517-і жекеменшік болса, 71-і мемлекеттік балабақшалар. Қала бойынша жаңадан ашылған мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жаңа ғимараттарға орналасқан. Дегенмен, қаладағы ескі балабақшалар бұл күнде күрделі жөндеуді қажет етеді, соның бірі құрылғанына 55 жыл болған №3 бөбекжай-бақшасы қазір күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов бөбекжай нысандарына арнайы барып, ғимарат құрылыстарын аралады. Мұрат Дүйсенбекұлы нысан басында құрылыс жұмыстарын балалар қауіпсіздігі үшін ережеге сай етіп жүргізуді ескертті.
2023 жылдың наурыз айында басталған жөндеу жұмыстары бұл күнде қарқын алған. Қос қабатты ғимараттың бала саны бойынша сыйымдылығы 163 орынды қамтиды. Мұнда бүгінде 130 бала тәрбиеленуде.
Бөбекжай жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін бітіру межеленген.
Сонымен қатар қаладағы №99 «Гүлдер» бөбекжай ғимараты да күрделі жөндеуден өтіп жатқанын айта кетейік. 280 орындық бөбекжайдың жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады деп жоспарланған.
Сондай-ақ, бұдан бөлек қаладағы бірнеше білім бесіктеріне қосымша жаңа оқу ғимараттары салынуда. 1251 орынға есептелген Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында 3567 оқушы білім алуда. 600 орындық қосымша оқу корпусын салудағы негізгі міндет – білім берудің 1-ші сатысындағы оқушыларға арналған оқу орындарының санын арттыру.
Қала әкімі Мұрат Айтенов нысанды аралап, құрылыс барысымен танысты. Жалпы ауданы 5 мың шаршы метрді құрайтын құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Ғимарат үш қабатты, екі блоктан тұрады, мұнда 0-4 сынып оқушылары оқиды. Жалпы оқу ғимаратында 25 оқу кабинеті бар, әр сынып 24 оқушыға есептелген.
Мектептің бастауыш бөлімінде 50 мұғалім сабақ береді.
Оқушылар 220 орындық асхана мен спорт залымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ нысанның үшінші қабатында 16 оқу кабинеті, 3 компьютерлік орыны бар 10 мың кітапқа арналған кітапхана, шахмат үйірмесі бар.