Бір шаңырақтан 7 суретші шыққан

79

Шымкенттік Бейсбековтер әулетін қолөнершілер шеберханасы деуге болады. Себебі бір үйдің 7 бірдей мүшесі сурет салып, қолөнермен айналысады. Жақында келіні киіз басуды қолға алып, жаңа технологияны меңгерген. Ал бұл саланы дамыту үшін мемлекеттен грант алып, қазір кәсібін кеңейтіп отыр.

Шымкенттік Бейсбековтар әулетінде 7 бірдей Суретшілер одағының мүшесі тұрады. Соның бірі отбасының өнегелі келіні – Мадина Ахметова. Ол сурет өнерімен қоса қолөнер саласын жанына серік еткен. Ісмер келіншек былтыр мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алып, киіз басатын аспап сатып алған. Соның арқасында қазір киізден түрлі заттар мен киім-кешек тігу ісін жандандырып келеді.

Мадина Ахметова, қолөнерші: «Қазір киіз басу өнері Қазақстанда қалып бара жатыр. Қазір менің қолданып жатқан технологиям жаға технология, инновациялық болып табылады. Ол инемен шұқу арқылы, салқын сумен басу арқылы заттар жасап шығып, оны келер ұрпаққа да дәріптеп, үйретіп жатырмыз».


Кәсіпкердің сөзінше ежелден келе жатқан киіз басу өнері атадан қалған мұра ғана емес, денсаулыққа да пайдалы. Қолөнерші өзінің жеке шеберханасында бас киімнен бастап аяқ киімге дейін табиғи таза киізден жасап шығады.

Мадина Ахметова, қолөнерші: «Киіздің өте жылы екенін бәріңіз де білесіздер. Ол денедегі суықты алады. Одан кейін қан айналымды жақсартады. Таза табиғи өнім болғандықтан өзінің жылулығын сыйлайды. Сондықтан осы саланы таңдап, жалғастырып жатырмын»

Әулеттің анасы Күләш Айдарбекова қолөнер атадан балаға дарығанын айтады. Әулеттің үлкені Бейсбек ақсақал кезінде осы өңірге танымал ұста болған екен. Сол қасиет Күләш ананың 4 баласына беріліпті. Енді аталар жолын немересі де жалғап, Ә.Қастеев атындағы қолөнер колледжіне оқуға түскен.

Күләш Айдарбекова, қолөнерші: «Біздің отбасымызда 7 суретші бар. Оның 5-еуі қолөнерші. Қазіргі таңда бала-шағам, келінім, немерем, өзіміз бірге осы галерея үшін жұмыс істеп жатырмыз. Отағасы керамикамен айналысады. Барлық затты сазбалшықтан жасайды. Мүсіндер жасайды. Балам былғары факультетін бітірген. Былғарыдан картинка, белдік сияқты былғарыдан не жасауға болады, соның бәрін жасай береді»

Бейсбековтер өздерінің отбасылық өнерін, кәсіп етіп, үйін шеберханаға айналдырған. Мұнда әкесі саз балшықтан түрлі заттар жасаса, баласы былғарыдан түйін түйеді. Ал келіні киіз басумен, аналары тоқымашылықпен айналысады.