Оқу-ағарту министрлігі биылдан бастап мектеп пен колледж дипломдарына QR-код басылады деп хабарлайды. QR-код арқылы түлектің өзі немесе жұмыс беруші дипломның түпнұсқалығын тексере алады. Оны сканерлеу кезінде құжат деректемелері көрсетілетін мемлекеттік интернет-ресурсқа сілтеме шығады. Сол түлектің аты-жөні, білім беру ұйымының атауы, түскен/бітірген жылы, мамандығы мен біліктілігінің атауы, оқыту нысаны, дипломның сериясы мен нөмірі көрсетілген.
Бұдан бөлек, 6 шілдеден бастап биылғы колледж дипломдарының электронды нұсқасы eGov порталы мен eGov mobile қосымшасында, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің қосымшаларында қолжетімді болады. Осылайша, түлектер eGov Mobile қосымшасы арқылы QR-кодпен барлық ақпаратты ұйымдар мен жеке тұлғаларға цифрлық түрде жібере алады.
Мұндай тәжірибе жоғары оқу орындарын бітіргені туралы диплом беру кезінде қолданылып келеді. Айта кетері, биыл 140 мыңнан астам колледждер түлектері QR-коды бар диплом алады.