Дархан Сатыбалды: Әуежайдағы халықаралық бағыттағы рейстерді көбейту қажет

33

Түркістандағы халықаралық әуежайдың жұмысын жандандырып, дамыту қажет. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауаптыларға осы мәселеге қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Облыс басшысының сөзінше, бүгінде заманауи әуежайдың мүмкіндігі кеңінен қолданылмай отыр. Сондықтан халықаралық және ішкі бағыттағы рейстер санын көбейту қажет.

Облыс әкімі жауапты мамандарға әуежай жұмысын туризм саласымен бірлесе дамытуды ұсынды. Ол үшін Малайзия, Түркия, Ресей, Қытайға әуе рейстерін көбейтіп, саяхатшыларды тарту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар шетел азаматтарына Түркістан қаласының тарихын насихаттау жұмысын қолға алуды тапсырды. Ендігі ретте бұл шараларды жүзеге асыруға нақты жоспар мен ұсыныстар керек деді облыс әкімі.

Ролан Ибрагимов, Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «2021 жылы бізде барлық облыс орталықатрына ұшатын болған тұғын. Біз сол субсидияланған рейстерді қайта жандандыруды сұраған едік. Ол жерде де бюджет қаржысының тапшылығына орай қазір мүмкіншіліктер жоқ деп жатыр. Қазір экономия есебінен Қостанайды қайта қосамыз деген ой бар».

Былтыр Түркістан әуежайының жолаушылар ағыны 373,8 мың жолаушыны құраған болатын. Оның ішінде 81,3 мың адам халықаралық рейспен ұшса, ел ішінде 292,5 мың жолаушы тасымалданған. Көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 24%-ға артқан. Жолаушылар тасымалы бойынша Түркістан әуежайы республикада 7-орында тұр.

Ролан Ибрагимов, Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Халықаралық рейстерде 5 пен 25 пайыздың шамасында Өзбекстанның азаматтары ұшуда және Кувейтке 7,5-10 пайыз арасында Өзбекстанның азаматтары Түркістан арқылы ұшуда. Бұл жердегі негізгі себеп билет бағасының тиімділігі – біздің минимальды баға 60 мың теңгеден басталады Стамбулға ал Өзбекстанға 125 мың теңгеден басталады. Кувейтке 500 мың , Өзбекстанда 640 мың теңгеден басталады».

Қазіргі таңда әуежайдан Ыстамбұл және Эль-Кувейт қалаларына халықаралық бағыт жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе және Орал қалаларына да тұрақты рейстер бар. Әуе жолаушыларына «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «FlyArystan», «Scat», «Qazaq Air» және «Южное небо» әуе компаниялары қызмет көрсетеді.