Бүгінде «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Дәл осы бағыт бойынша өз кәсібін бастап, ісін ілгерілетіп отырған кәсіпкерлер қатары артып келеді. Ауыл халқының тұрмысын түзеу бағытындағы жобалар да нәтижелі жүзеге асырылуда. Осы бағытта бүгінде Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде «Мен кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту құралы «Кәсіпке бағыт» жобасы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерін оқытуды бастады. Күні кеше «Тұран» шаруа қожалығында халықаралық эксперт Нұрлыбек Боранбаевтың бастауымен мал шаруашылығының сүт бағыты бойынша оқыту курсы бастауын алды. Оқуға 15 кәсіпкер қатысуда. Бүгінде облыста мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары көп. Олардың басым бөлігі етті, сүтті бағытты таңдаған. Кәсіпкерлерге жаңаша форматта, заманауи оқытудың тиімділігі көп. Аймақтың климат ерекшеліктерін ескере отырып, ірі қара тұқымдарын таңдау туралы, сонымен қатар сүтті сату мен өткізу туралы кеңінен ақпарат берілді. Мал басын көбейтуде көп септігі тиері сөзсіз. Сондай-ақ, бүгінде ең өтімді тауар түрі болып саналатын сүтті сатудың тиімді жолдары туралы айтылды.
«Кәсіпке бағыт» жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мақсатында құзыреттерді оқытуды және салалық (бейіндік) оқытуды қамтиды. «Кәсіпке бағыт» салалық оқыту тегін негізде ұсынылады. Оқуды аяқтағаннан кейін оқудан өткені туралы сертификат беріледі. Тиімділігі өте зор кәсіптік оқытудан қазығұрттықтар да шет қалмады.
Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында бүгінде кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Кәсібін жаңадан бастағандар да, бүгінде шаруасын шырқ айналыдырып отырғандар да баршылық. Олардың барлығы да кәсіптік оқытумен қамтылды. Алдағы уақытта дәл осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.