Кәсіпкерлермен кездесу өтті

76

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру жұмыстары бүгінде қарқынды түрде жүргізілуде. Соның арқасында бүгінде елімізде шағын және орта бизнеспен айналысатындардың қатары артып отыр. Аталған ұлттық жоба аясында 48,8 мың жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, қызмет көрсету және өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 984 жобаға грант берілген.

Бұдан басқа, 33,4 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, білімдерін жетілдірген және 169 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері бизнес ашу және оны жүргізу бойынша ккеңес алған. Еліміз үшін маңызы зор ұлттық жобаның іс-шараларын іске асыру арқасында 320 мың жаңа жұмыс орны құрылды, 814 мың адамды жұмысқа орналастыруға көмек көрсетілді. Сонымен қатар, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен нашар ауыл халқының үлесі төмендеді, ШОБ-тың ЖІӨ-ге үлесі өсті, ал экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесі 14,5%-ға дейін төмендеді. Биыл шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 33,5%-ға жетті. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 1,4 миллионға жетіп отыр. Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 3,5 млн адамды құрап отыр.

Бұдан бөлек, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының да ауыл халқы үшін тигізер пайдасы мол болып отыр. Келтірілген дәйек сандардың қатарында қазығұрттық кәсіпкерлердің де үлесі бар. Бүгінде Қазығұрт ауданында шағын және орта бизнеспен айналысатындардың қатары артып отыр. Оған мемлекет тарапынан қолға алынған ұлттық жобалардың септігі тиюде. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ауданда түрлі шаралар қолға алынған.

Жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қырықбаев Темір Базарбайұлы Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданына арнайы іссапармен келіп, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ғимаратында қазығұрттық кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырды. Атаулы жиынға Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұржан Әшіров, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов, «AMANAT» партиясының Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Есімхан Исақұлов, аудандық мәслихаттың депутаттары мен тиісті мекеме қызметкерлері, аудандағы бірнеше кәсіпкерлер қатысты. Жиын барысында аудандағы кәсіпкерліктің дамуы, ауыл шаруашылығы бағытында және субсидия мәселелері төңірегінде сұрақтар мен ұсыныстар талқыланды. Кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған көмек түрлері, кәсіпкерлікті дамытудың бағыттары да талқы таразысына түсті. Мәжіліс депутаты аудан кәсіпкерлеріне қолдан келгенше көмек көрсететінін айтты.

Мәжілісмен Темір Базарбайұлы келесі кезекте Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының жұмысымен танысып, медицина саласы мамандарымен кездесті. Кездесу барысында ақ халатты абзал жандардың мұң-мұқтажын тыңдап, сауалдарына жауап берді.