Кентаудағы фаст-фудтан улану: 8 қызметкерден сальмонеллез бен стафилококк қоздырғышы анықталды

1079

Кентауда тұрғындардың фаст-фуд өнімдерінен улану фактісі бойынша жаңа дерек шықты. «Ризық Рауаны» тамақтану орнындағы тағамнан  уланғандар саны артқан. Сонымен қатар ондағы бірнеше қызметкерден сальмонеллез бен стафилококк қоздырғышы анықталған.

Түркістан облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, уланғандар саны 100-ге жетті. Олардың 40-тан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Уланғандар арасында жүкті әйелдер де бар.

Бүгінгі таңда 25 науқас амбулаториялық ем қабылдауда. Ал 8 адам Түркістан қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Стационарлық ем қабылдаған 67 науқас үйлеріне шығарылған. Дегенмен барлығы да дәрігерлер бақылауында.

Зертханалық тексеру нәтижелері де белгілі болған.

«Зертханалық тексеру нәтижесінде тамақтану орнындағы  2 қызметкерден сальмонеллез, 6 қызметкерден стафилококк ауруының қоздырғышы анықталды. Сонымен қатар дәмханадан үйге әкетілген 3 чикеннен сальмонеллез инфекциясы анықталды» делінген Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінде.

Айта кетейік, бұл аталған қоғамдық тамақтану орнында бұған дейін де тапсырыс берушілердің улану дерегі тіркелген. Атап айтқанда, 2022 жылдың тамыз айында 8 адам, қазан айында 168 адам уланған болатын. Аталған деректер бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тарапынан заң аясында тиісті шаралар қабылданған.

Ал үшінші жағдайдан кейін тексеру жүргізіліп, нәтижесінде нысанда өндірістік бақылау бағдарламасы жоқтығы анықталған. Сонымен қатар қызметкерлер (аспаздар, аспазшылар мен даяшылар) алдын ала профилактикалық медициналық тексеруден толық өтпегені белгілі болды. Жұмыс жасайтын 20 қызметкердің тек 12-сінде ғана медициналық кітапшалары болған.

Бұдан өзге шикізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары толық емес. Өнімдерді сақтау кезінде олардың тауарлық көршілестігі сақталмаған, яғни, ет және құс ет өнімдері, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер барлығы бір тоңазытқышта араласа сақталған. Жұмыртқаны сақтауға, жуып өңдеуге арналған арнайы ыдыс арналмаған, өнімдердің жарамдылық мерзімдері өткен. Қызметкерлердің жеке және арнайы киімдерін, жеке заттарын сақтауға арналған орын қарастырылмаған.