Кентау қаласында орналасқан №5 жылу орталығындағы тозығы жеткен қазандықтарды жөндеуге үкімет тарапынан қаржы бөлінді. Ал құрылыстың барысын облыс әкімінің жіті бақылауында болады. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында бұл мәселе кезекті рет пысықталып, жауаптыларға тапсырмалар берілді.
Өзекті мәселе өңір басшысының қатысуымен өткен жиында тағы да талқыға түсті. №5 ЖЭО-ның дайындығын жылу беру маусымына дейін қамтамасыз ету – ең басты мәселелердің бірі. Жөндеу, қайта құру жұмыстары күнделікті бақылауға алынсын. Ай сайын осы мәселе бойынша мәжіліс ұйымдастыру қажет деп нақтылады облыс басшысы Дархан Сатыбалды. Мәселе бойынша Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың есебі тыңдалды. ЖЭО -дағы қайта құру жұмыстарын 3 кезеңге бөліп жүргізу жоспарланған.
Жандос Тасов, Кентау қаласының әкімі: «Қаладағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелерін және 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыстарын атқару бойынша мердігер мекеме «Ер-Мад» ЖШС-мен келісімшарт түзіліп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сметалық құны – 4 431,8 млн. теңге, бөлінгені – 2 105,6 млн. теңге. 2023 жылы 4,7 шақырым жылу жүйесін және 2 сорғы станциясын қайта құру жоспарлануда».
Жақында №5 ЖЭО-ның қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстары басталады. Оған облыстық бюджеттен 1,0 млрд. теңге қаржы қарастырылып, 1-шілдеде мердігер мекеме болып «ЭМ-Холдинг» ЖШС анықталды. Биыл 2 қазандықты жылыту маусымына дейін қайта құру, және 4 қазандықты ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Бақытжан Орынбасар, Кентау қаласындағы №5 ЖЭО директорының міндетін атқарушы: «Сонымен қатар келешекте жылу энергия орталығын газға ауыстыру көзделген. Осыған орай жеткізуші газ құбырының құрылысына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытыңдысы алынды, сметалық құны – 1 553 млн. теңге. Бұл газ құбыры бірнеше күрделі мәселелерді шешеді. Атап айтқанда, ЖЭО мен Хантағы ауылын газбен қамтамасыз ету, 10 үйге қосымша газ қысымы, Индустриалды аймақ, Кентау байыту комбинаты мен Кентау эксковатор зауыттырына арнайы қосылу нүктелері қарастырылған».
Қала аумағында 75 бюджеттік мекеме бар. Оларға қажетті 1394 тонна қатты отын мен 390 175 тонна сұйық отын сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда жеке жылу қазандықтарымен жылытылатын бюджеттік мекемелер отын сатып алуға келісімшарттарға тұрды.
Бюджеттік мекемелерге көмір жеткізілуі тамыз айына жоспарланған.Кентау қаласы және оған қарасты ауылдардағы жеке тұрғын үйлерге 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымында 25600 тонна көмір сатып алу жоспарланған.