Мал шаруашылығына қажетті құрылғы жасап шығарады

42

Он саусағынан өнері тамған, ерекше құрылғы ойлап тапқан өнертапқыштар ел ішінде жетерлік. Солардың бірі — Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданының тұрғыны Бейбітшілік Әліқұлов. Темірден түйін түйген шебер бүгінде мал шаруашылығына аса қажетті жем дайындайтын құрылғы ойлап тауып, сатылымға шығарған. Ауылдықтардың басым бөлігі мал ұстап, нәпақасын сонымен айырып отырғаннан кейін Бейбітшілік Әліқұловтың құрылғысына сұранысты арттырып отыр. Қолы алтын шебер кез — келген құрылғыны жасамас бұрын оны өлшеп, көлемін анықтап соған сай шикізатын дайындау керек дейді.

Шағын ғана Сынтас ауылында тұратын өнертапқыш зейнеткердің құрылғыларын бүгінде еліміздің барлық өңірлерінен сатып алады. Техникаға деген қызығушылық бала жасынан басталыпты. Түрлі бұйымдарды құрастырып, нешетүрлі өнертуындыларын жасап жүрген. Бүгінде жетпіс бір жасқа толған қария әлі де тың. «Жоспарымда көптеген құрылғылар жасау бар» дейді өзі. Ауласында шағын цех ашып, ауыл шаруашылығына аса қажетті бұйымдарды жасап шығарып отыр. Өзі қатты қызығатын сала болған соң кезінде Ресейдегі көлік құрастыру зауытында еңбек еткен екен. Техниканың тілін бес саусағындай білетін шебер сол жерде жүріп мол тәжірибе жинаған. Сол тәжірибесінің арқасында бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отыр.

Бейбітшілік Әліқұлов, өнертапқыш, кәсіпкер: «Кез-келген бұйымды жасау ұста үшін аса қиын емес. Тек тілін білсең болғаны. Бұл кәсіпті қолға аламын деген ой менде жүре келе пайда болды. Негізі өмірде, «адам жасағанын, адам жасайды» деген қағиданы ұстанамын. Осы ұстаным мені жеке цех ашып, алға жетеледі.  Жұмыспен қамту аясында берілетін мемлекеттің грант туралы досымнан естідім, сұрастырдым. Содан тәуекел деп, құжаттарымды дайындап, жобаға кірістім. Айта кету керек, менің ұсынған бизнес жобам ерекше болды. Темір ұсталығымен екінің бірі айналыса бармейтіні анық қой.  Өйткені  талант пен икемділікті, тілін білуді, қызығушылықты талап етеді. Міне, соның арқасында мен грантқа ие болып, жобам комиссияның оң шешімінен мүлтіксіз өтті. Осылайша 2021 жылы 5 миллион теңге грант ұтып алдым. Аталмыш конкурсқа 400-ден аса адам қатысты. Менің жобам жарып шықты. Өйткені ерекше жоба болды. Ешкім де темірден құрылғы ойлап тауып жатқан жоқ қой. Басқалар 5-7 минутта өз жобаларын қорғап шықса, мен бақандай 20 минут бойы комиссия алдында жобамды қорғадым. Арнайы дайындалған бейнеролигімді таныстырдым. Ақыры комиссия мүшелері бірауыздан қолдады. Жобамның жарып шығатынын өзім де білгем негізі. Алған қаражатқа арнайы станок сатып алдым.  Ол темірді өңдеп, кесіп, жонып бұйымды тез жасауға мүмкіндік береді».

Бүгінде балалары әке жолын жалғап, кәсібін жалғастырып отыр. Алғашында 1-2 тапсырыспен бастаған кәсіпкер, қазір айына 4-5 аппарат жасап, халықтың сұранысын барынша қамтамасыз етіп келеді. Шебердің шағын цехы өзінің үйінің ауласында. Алайда болашақта цехты кеңейтіп, жұмыс күшін де көбейтсем деген жоспары бар. Ол үшін қосымша құралдармен толыққанды қамтамасыз етілуі тиіс. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтемін деген ниеті жүзеге асса, шебердің цехы 5-6 адамды жұмысқа қамти алады. «Кәсіп бастамас бұрын арнайы білім мен практика болғаны дұрыс. Қызығушылық пен ынта болса, бәрін істеуге болады» — дейді қазығұрттық шебер.

Алланың берген ғұмырын босқа өткізбей пайдалы өнерді игерген ұстаның жұмысына тәнті болатындар баршылық. Аппаратты алып кәдесіне жаратып отырғандар алғыстарын жаудырады. «Бейбітшілік» жеке кәсіпкерлігі 2005 ашылған. Мал шаруашылығына аса қажетті жемді өңдейтін, арпа, бидай, жүгері жем дайындайтын құрылғы шығарып, көптің алғысына бөленіп отыр. Жем тартатын құрылғыны жасауға қажетті заттарды базарлардан, дүкеннен сатып алады. Тапшылық жоқ. Бағасы да қолжетімді. Өтімі жақсы. Үлкен цехта бүгінде кесетін, жонатын құрылғы жасауға аса қажетті құрылғының бәрі бар. Бүкіл еліміздің әр түкпірінен келіп арнайы сатып алып кетіп жатқандар көп. Шеберді қынжылтатын мәселе де жоқ емес. «Мал басын көбейт дейді, бірақ өңдеу жөнінде ешкім бас қатырмайды. Бидайдан жем жасайтын зауыт жоқ. Сондықтан да мал басын көбейту үшін оған беретін жем-шөп мәселесін де шешу керек» дейді өнертапқыш қария.

Құрылғының ерекшелігі көп. Шөпті де турап шығара береді. Алдағы уақытта шөпті майдалап турап гранула жасайтын аппарат шығаруды жоспарлап жүр. Алайда өнертапқыш өзінің туындысына патент алмапты. Оған бас қатыруға да уақыт жоқ дейді өзі. Көп адам көріп жасап аламын деген екен бірақ жасай алмаған, әрине әр құрылғының өзіндік құпиясы бар. Өзіндік бағасы қымбат болмас үшін барынша қолжетімді бағамен сатуға тырысады. Алайда бүгінде барлық заттың құны қымбаттап кеткені барлығына да белгілі. Біреуін жасап шығару үшін материалға 200-250 мың теңге кетеді. Енді қол еңбегі бар өзіңдік құнын ақтау керек қой. Сонда да болса барынша көпшіліктің жағдайына қарайды. Тракторға да арнап істейді.

Күнгейдегі шаруа қожа­лық­тарындағы техниканың дені шебердің қолынан шыққан. Аядай ауылда тұрып-ақ, өзінің өнертапқыштығының арқасында талайларды тәнті етіп жүр. Басты ерекшелігі сол, теңіз асып, тау басып әкелінген шетелдік құрылғылардан әлде­қай­да сапалы. Әрі тез сынып қалмайды. Ұзаққа қызмет етеді. Сонысымен де бағалы.


Бүгінде қолы алтын ше­бердің шөп турайтын, би­дай, жүгері тартатын аппаратттарынан бөлек, кірпіш құятын ап­параттары да мұқтаждардың қажетіне жа­рап тұр. Әсіресе кірпіш құятын құрылғысына да соңғы әлетте сұраныс артып отыр. Тақтайдай түп-түзу етіп жасалатын аппаратты аяғын жерге тигізбей сатып алып кетіп жатқандар көп. Шебердің өз қолымен жасап шығарған жем тартатын құрылғысы 3-4 тонна дән­ді дақылды 1 сағатта майдалап, үгітіп бе­ре­ді. Енді есептей беріңіз келі мен келсап арқылы қанша сағатта жем тартуға болатынын?

Шебер бүгінде өзінің ізбасарларын дайындап жатыр. Ұлы Жәнібек те әке жолын қуып осы салада нәпақасын тауып жүр. Одан бөлек, қасы­на көмекші жігіттер алып, тәжірибе арқылы үй­ретіп жүр. Бүгінде шәкірттері көз-көрім нәтижеге қол жеткізуде. Өнертапқыш мұнымен де тоқтап қалмай алдағы уақытта тағы да біршама ерек жобаларын жарыққа шығармақ. Ауыл шаруашылығынан жақсы хабардар шебер дихандардың жұмысын жеңілдететін құрылғы жасап шығаруды ойластырып жүр. Тың идеяларымен таң қалдырудан жалықпайтын шебер 10 тонна алманы 1 сағатта турап шығаратын аппарат жасап шығармақ.

Былтыр елімізде алма көп салып, ақыр соңында шіріп кеткеніне қынжылғаны бар. Ал алмақақтан түрлі тәттілер жасауға болатыны белгілі. Тәтті шырын, пирогтар пісіруге де болады. Алмақақ жасайтын аппаратының сызбасы да дайын. Тек оны жүзеге асыру ғана қалып тұр. Ойға алған дүниесін іске асырғанша асығатын шебердің ерек жобасы жақында жасалып қалады. Тек оған уақыт керек.