Абай ауданында 2023-2025 жылдар аралығында 10 мектеп салу жоспарлануда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеген асатын жұмыстың мақсаты аймақтағы мектеп тапшылығын жою. Айтулы білім ордаларының бірі бұрынғы Солтүстік саяжайы, қазіргі Нұршуақ шағынауданында бой көтереді. Жобалық — сметалық құжатқа сәйкес, 2000 орындық білім ордасы келер жылы пайдалануға тапсырылмақ.
Шаһардың іргесінде құрылысы басталған нысан — 2000 орындық мектеп. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының тапсырыс берушісі «Самұрық-Қазына» АҚ. Солтүстік саяжайы, қазіргі Нұршуақ шағынауданының балалары әзірге мектепке қатынап оқиды. Келер жылы құрылыс аяқталса, ұл-қыздар білімдерін жаңа заманауи үлгідегі мектепте жетілдіреді.
Қуаныш Өмиртай, прораб: «Котлован қазып жатырмыз. Сосын біткен соң іргетасын қалауға кірісеміз, келесі жаңа оқу жылына тапсыруға тырысамыз».
Абай ауданында 29 мектеп, жеке меншік 16 білім ордасы бар. Демографиялық өсім қарқын алған аймақта мектеп тапшылығының алдын алу мақсатында білім нысандарын салу көзделген.
Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Нұршуақтағы үлгідегі мектеп Достық, Бозарық шағынаудандарында, 1200 орындық білім ордасы Жаңатұрлан, Қатынкөпір шағынаудандарында бой көтереді. Қаланың бес жылдық даму жоспарына Ақниет шағынауданында 1200 орындық, Асар-2-де 1500 балаға шақталған, Шымкент сити мен Қайнарбұлақ шағынаудандарында 2000 орындық мектеп салу енгізілген».
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өңірдегі білім беру жүйесін әрі қарай дамыту мен өзекті мәселелерді нақты шешуді көздейтін бірлескен құжатқа қол қойды.
Қала әкімдігі мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тапсырыс көлемін 24 200 орынға дейін арттыру, 26 мектепке дейінгі мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік балабақшалардың материалдық-техникалық базасын 100% жаңартуды жоспарлап отыр.