Ордабасы ауданында 2 мың жыл бұрынғы алтын сырға табылды

31

Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Сарыарық ауылы маңындағы үңгірден 2 мың жыл бұрынғы алтын сырға табылды. Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университетінің археологиялық жасағы «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкерлерімен бірлесе Ордабасы ауданы Қараспан ауылы маңындағы ежелгі Қаңлы дәуіріне тиесілі көне қорым орнын тапты.

Тарихи жазбаларға қарағанда бұл жер бұрын тоналған. Бірақ соған қарамастан осындай жәдігердің сақталып қалуы археологтарды таңғалдырып отыр. Олар Қаңлы мемлекетіне тиесілі басқа да құнды артефактілердің табылып жатқанын айтады.
Қорым құрылым көлемінің үлкендігімен ерекшеленеді. Дәліздің ұзындығы 8,5 метр болса, тереңдігі – 4 метр, жерлеу камерасының тереңдігі – 5,2 метр. Мұндай тереңдіктегі қорымдар бұрын-соңды бұл аймақта кездеспеген. Жер қатпарын алған археологтар бұл отбасылық қорым болған деген болжамын білдіріп отыр. Жүргізілген ғылыми зерттеулер қорымдағы ер азаматтың, әйелдің және жас өскіннің сүйегі осыдан 2 мың жыл бұрын жерленген деген дәйекті дәлелдерді көрсетті. Қорымнан қыш құмыралар, әшекейлер, әйелдердің боянуына арналған сүрме және спираль тәрізді алтын сырға мен моншақ табылды. Бұл заттар – сол дәуірдегі қаңлы тайпасының ауқатты өмір сүргендігін айғақтайды дейді археологтар.
Археолог Александр Подушкин 2 мың жыл бұрын жасалған алтын әшекей жайлы өз ойын тебіреніспен жеткізді. Шиыршық үлгісінде әзірленген алтын сырға өте жақсы сақталған. 20 ғасыр бұрын сәнқой әйелдер мен қыз-келіншектер осындай алтын әшекейлерді пайдаланған.
– Бұл шиыршық түсті сырғаның басында иненің көзіндей ғана саңылау бар. Демек ол сырғаны байлауға арналған. Қазіргі заманның әйелдері үлкен әшекей бұйымдарға құмар келеді. Ол 2 мың жыл бұрын да солай болған. Себебі үлкен бұйым көзге жақсы көрінеді. Сақ тайпасына қарағанда қаңлылар алтынға сонша құмар болмаған. Дегенмен дәулетті адамдардың әйелдері оны сәндік бұйым ретінде қолданғанын аңғаруға болады, – деді А.Подушкин.
Археологтар үшін, әрине, бұл – өте үлкен олжа. Өйткені көне қорымдар бағзы замандардың өзінде аяусыз тоналған. Ғалымдар үшін бұл жолғы қазба жұмыстары өте сәтті болды. Олар 400 моншақтан тұратын алқа мен ақық тасы бар күміс сақина және кірпік бояуға арналған бұйымды да тауып алды.
Археологтарды тағы бір таңғалдырғаны – алтын мен күміс әшекейлер емес, керамикалық бұйымдар. Құмыраның мойны ұзын және өте жіңішке екен. Демек оған өте құнды бір сұйықтықты құйып, сақтаған. Бұл құмыралардың 2 мың жылдық тарихы бар. Әшекей мен құмыра формаларының өзі сол замандағы керамикалық өндірістің өте жоғары деңгейде болғанын айғақтайды.
Ғалымдардың айтуынша, мұнда бір кездері тіршілік қыз-қыз қайнап жатқан көне қала болған. Күлтөбе қалашығынан көне жазбалар бедерленген қыш кірпіштер де табылып жатыр. Ондағы мәтінді бүтін бір лингвистикалық материалға балауға болады. Мұндай керамикалық кестелерді оқумен әлемдік деңгейдегі палеолингвист Николас Симс-Уйльямс айналысып келеді. Ғалымдардың айтуынша, қыш кірпіштегі жазу көне арамей тілінде жазылған. Бұл ежелгі Қаңлы мемлекетіне қатысты тың деректерді ашуға септігін тигізеді.