Сіз банк немесе микрокредиттік ұйымдарынан несие алмасаңыз да коллекторлар қайта-қайта қоңырау шалып, мазаңызды алып жатыр ма? Олардың бұл әрекеті қаншалықты заңды? Кімге шағымдануға болады?
Көптің көкейінде жүрген бұл сауалдарға редакция заңгері Венера Нұрғалиқызы жауап берді.
Несие беруші несие төлемі 90 күн және ипотекалық берешек 180 күннен асқан қарыз күндері бар келісімшарттарды коллекторлық компанияға өткізетіні сөзсіз. Іс колллекторлық компанияларға өткен кезде олар борышкердің туысқандарына, таныстарына қоңырау шалуға құқылы. Бірақ ол байланыс нөмірлері несие алар кезде түзілген келісімшартта көрсетілуі тиіс. Өйткені несие алып жатқан кезде банк қарыз алушының бір немесе бірнеше таныс адамының байланыс нөмірлерін сұрайды. Коллекторлар ауызша келісім болған кезде ғана сол нөмірлерге қоңырау шала алады.
«Ал басқа бөгде адамдарға борышкер бойынша ақпарат айтып, қоңырау шалуға құқығы жоқ. Көбінесе бұл жағдайлар микрокредиттік ұйымдардан алынған несиелер бойынша орын алып жатады. Есіңізде болсын, егер туысыңыз немесе танысыңыз алған бұл несиеден сіздің хабарыңыз болмаса, коллекторлардың сіздің байланыс нөміріңізді базадан алып хабарласуы – заңға қайшы»,-деді заңгер.
Бұдан өзге коллекторлық агенттіктердің қызметкерлеріне борышкерлерге немесе үшінші тұлғаларға хабарласу кезінде қорқыту, балағаттау, бопсалау, жалған ақпарат беру сияқты жосықсыз әрекеттерді қолдануына қатаң тыйым салынады. Осындай жағдайлар орын алса, борышкер немесе үшінші тұлға Ұлттық банкке жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылы.