Қазақстандықтар ең төменгі жалақының мөлшері күнкөріске жетпейтінін айтады. Сондықтан олар бұл көрсеткіштерді 80 мың теңгеге дейін көтеруді сұрап отыр. Бүгінде азық-түлік, дәрі-дәрмек пен коммуналдық қызметтердің құны күн санап өсіп келеді.
Сол себептен ең төменгі айлық есебімен тіршілік ету қиындап барады дейді қоғам белсенділері. Ал жалақының аз да болса өсуі, инфляция деңгейіне ілесе алмай келеді.
Қазақстандықтар ең төменгі айлық пен күнкөріс деңгейін қайта есептеуді сұрап, арнайы петицияға қол қойып жатыр. Олар айлықтың басым бөлігін азық-түлік тауарларына жұмсайтынын айтып қынжылады. Ал күнкөріске жетеді деп белгіленген ең төменгі жалақы 70 мың теңге, арқаны кеңге салып ас ішіп, азық сатып алуға аздық етеді. Ары қарай дәрі-дәрмек алу, емделу туралы айтудың өзі артық.
Асхат Нұрлыбаев, Шымкент қаласының мәслихат депутаты: «Өмір сүру қиындап барады. Азық -түлік тауарларының бағасы 50 пайызға, кей жерлерде 100 пайызға өскен. Дәрі-дәрмек, коммуналдық қызмет түрлерінің бәрі қымбаттаған».
Дәріхана, киім-кешек дүкені, орталық базар мен ірі сауда орындарында тауар бағасы апта сайын өзгеріп жатыр. Елде инфляция 18 пайызға артты. Ал айлық жалақының мөлшері инфляцияның ізіне түсіп те үлгермей отыр.
Айгүл Төлеметова, экономист: «Былтыр ең төменгі айлық 60 мың болса, кейіннен 70 мыңға өсті. Бірақ биыл республика бойынша инфляция 18,1 пайызды құрап жатыр. Яғни, инфляция өте жылдам өзгеріске ұшырап жатыр».
Сондай-ақ белсенділер ең төменгі күнкөріс деңгейі мен ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін қайта қарауды сұрайды. Еңбек министрлігі Президенттің тапсырмасы бойынша бұл мөлшерді есептеудің жаңа тәсілін әзірлегенін айтты.
Балған Қасенов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің басқарма басшысы: «Ең төменгі айлық мөлшері екі көрсеткіш бойынша анықталатын болады. Біріншісі- орташа жалақы, ал екіншісі – еңбек өнімділігі. Бұл тұрақтылық пен төлем қабілеттілігін баланста ұстауға көмектеседі».
Төменгі айлық мөлшерін есептеу комиссиясында мемлекеттік қызметшілер, әлеуметтік серіктестер мен тәуелсіз бақылаушылар, еңбекақы төлемдерін жүзеге асыратын мамандар болады. Қазіргі уақытта бұл жоба қаралу үстінде.