Шымкентте қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы басқосуда Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы Балмаржан Нарбекова жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар басқарма басшысы кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді.
Қоғамдық кеңес мүшелері басқарма басшысына ең бірінші ретте шалғайдағы тұрғын алаптар маңындағы медициналық қызмет деңгейі жайында сұрақ қойды. Әсіресе, Бозарық және Шапағат шағынаудандары бойынша бірқатар мәселелер көтерілді. Балмаржан Нарбекованың сөзінше, бұл шағынаудандар қазіргі уақытта билік назарында. Сондықтан да айтулы аумақтарда алдағы уақытта медорталықтар бой көтереді дейді басқарма басшысы.
Балмаржан Нарбекова, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы: «Одан бөлек 150 орындық толық стационарлы қызмет көрсететін жері бар. Қазір толық құжаттары біткен. Қазір Еңбек министрлігімен қаражат сұралып жатыр. 14,5 млрд толық экспертизасы шықты. Жаңа мекеменің құрылысы 150 орындыққа».
Сондай-ақ, Шапағат шағынауданында да стационар салу жоспарлануда. Құрылысты қаржыландыру мәселесі қалалық мәслихатттың күзгі сессиясында қаралады дейді жауаптылар. Сонымен қатар, қоғамдық кеңес мүшелері ерекше күтімді қажет ететін азаматтарды қоғамға бейімделу мәселесін талқылады.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы қазір Шымкентте 40 мыңға жуық ерекше жандар барын атап өтті. Мүгедектер арбасымен жүретіндерді тасымалдаумен «Инватакси» компаниясы айналысады. Кейде олардың жұмысында үзілістер орын алады. Оның да өз себебі бар дейді, басшы.
Балмаржан Нарбекова, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы: «Бүгінгі таңда 28 көлікке қаражат бөлінген болатын, қосымша алдыңғы сессиядан біз 7 көлікке қаражат сұрадық. Енді тағы қосымша 7 көлік жүреді. Бұрын біз бір көзден алу мүмкіндігіміз бар еді инватаксиді. Мемлекеттік сатып алу заңына өзгеріс енгізілуіне байланысты біз конкурс жариялайтын болдық. Сосын бізге яндек таксимен тапсырыс беріп шақыра беруді мүмкіндігі жайында хат келді. Ол жерде 5 өңір бар еді. Олардың қатарында Шымкент те бар. Сол жобаны біз күтіп қалдық. Ол да сатып алумен өту керек екен. Бір көзден алу мүлдем заңсыз деген соң біз біраз уақыт кедергі ұстап қалдық».
Жауаптылар жақын арада арнайы тасымалдауға қатысты мәселе шешіледі деп сендірді. Қала бюджетінен «Инватакси» мәселесін реттеу мақсатында көтергіштері бар 28 көлікті сатып алуға қаражат бөлінді. Тағы жеті көлікті сатып алуға мәслихаттың соңғы сессиясында ақша бөлу туралы сұраныс жолданды.