Шілде айының басында Сайрам ауданының тұрғындары коммуналдық мәселелерге шағымданып, аудан орталығында қоқыс шығару проблемасының шешілмей отырғанын айтқан еді. Ал саябақтағы жасыл желек әбден қурап, субұрқақтар дұрыс жұмыс істемей тұрған. Шенеуніктер бұл мәселені 10 күн ішінде шешуге уәде берген болатын. Нәтижесі қандай?
Бұл видео шілде айнының басында Мәртөбе саябағының аумағында түсірілген . Сол уақытта шенеуніктер саябақты 10 күн ішінде ретке келтіретінін мәлімдеген еді. Ал арада уәде етілген уақыт өтсе де, жағдай сол қалпы тұр.
Жергілікті билік Ақсукент орталығындағы саябақты да осыдан екі жыл бұрын абаттандыруға уәде берген. Алайда, уәде тек сөз жүзінде қалды. Тұрғындар Сайрам ауданында әкімдер қанша ауысқанымен, мәселелер қаз қалпында екенін айтады.
«Бюджеттің қаржысы тапшы. Біз оны екі рет жұмсамаймыз. Жарты жыл осы қалай тұр, солай ұстап тұрамыз. Келесі жылдан бастап оны жүйелі түрде шешеміз», — дейді Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов.
Сайрам ауданының жаңа әкімі Арман Сәбитов өзекті мәселенің бар екенін мойындайды. Ол тек саябақ қана емес, біраз дүниені жаңарту қажет екенін айтады. Шешімін таппаған маңызды мәселелердің алдыңғы қатарында — тазалық, яғни қоқыс проблемасы тұр.
Арман Сәбитов, Сайрам ауданының әкімі: «Кезінде алдыңғы басшылық осы алаңды реконструкция жасаған. Ол алаңда мен болғам өзі, кейбір фонтандар жұмыс жасамайды. Мердігер жұмысын қыс уақытында жасаған екен, мердігерді шақырдық біз, 4 рет келіп жасап кетті ол фонтанды. Білмеймін енді, қазір істеп тұрған шығар, өткенде жауап берсе. Бірақ бізде жалпы жоспарда мына Абылайхан көшесін реконструкция жасаймыз. Жоспарда сол бар.»
Ал әкімдіктегілер тағы бір мәселені ауыздықтауға тырысуда. Ғимаратты бұзу туралы сот шешімі 10 жыл бұрын шыққанына қарамастан, аудан орталығында заңсыз сауда белең алып тұр.
«Біз өткенде базардың иелерін бәрін хабарлама бергенбіз. Бір айдың ішінде дүңгіршектердің бәрін алып, сол жерде сауда жасап жатқан қарапайым халыққа базардың ішінен орын тауып беру бойынша. Бір ай, ертең шығады. Сондықтан оның түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бүгін менің орынбасарым, саудагерлерді жинап, заңсыз тұрған обьекттерді заңға сәйкестендіруіміз керек», — дейді Арман Сәбитов.
Аудан әкімі тағайындалғанынан 100 күн өткен соң атқарылған жұмыстар туралы есеп беруге уәде береді. Яғни, берілген уәде қыркүйек айына дейін орындалуы мүмкін.