Шымкент тұрғыны ағасын өлтіріп, мәйітті дәретханаға тастап жіберген

392

Отбасындағы жанжал соңы адам өліміне әкелген. Шымкент тұрғыны өгей ағасын арматурамен ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталды. Ер азамат мәйітті үй ауласындағы дәретханаға тастап, үстінен сарай соққан. Полицейлер 2 жыл бұрын орын алған қылмысты ашты.

Айта кетейік, 2021 жылы Шымкент қаласы Еңбекші ауданының полиция басқармасына 32 жастағы ұлының үйден хабар-ошарсыз кеткенін айтып жергілікті тұрғын хабарласқан. Екі жыл бойы азаматты іздестіру шаралары нәтиже бермеген болатын. Десек те биыл кездейсоқ куәгердің жауабына сәйкес, оқиғаның анық-қанығы белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, өгей ағасын өлтірді деген күдікке ілінген азамат аса ауыр қылмысты жасыру мақсатында мәйітті дәретханаға тастап, шұңқырды бетонмен толтырып, үстіне шағын сарай тұрғызған. Айта кетейік, жоғалып кеткен азаматты іздестіру шаралары кешенді түрде жүргізілген.

«Бұл жайт полиция басқармасында тіркелді. Екі жыл бойы криминалдық полиция басқарманың қызметкерлері арнайы іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде із-түссіз жоғалған бала ауыр қылмыстың құрбаны болғаны анықталды. Күдікті ретінде жәбірленушінің інісі ұсталып, қамауға алынды. қылмыстық істі айыптау актісімен ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабы адам өлтіру бойынша сотқа жолданды»,-деді Шымкент қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ҚАРАКӨЗОВА.

Полиция қызметкерлері осы уақыт аралығында хабарсыз кеткен жігіттің отбасы мүшелері, достары мен көршілерімен сауалнама жүргізіп, жақын маңайда орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерген. Бұл іс еліміздің барлық полиция департаменті бөлімдеріне жолданған болатын. Бірақ кездейсоқ куәгердің жауабынан соң мәселенің отбасылық жанжалдан басталғаны белгілі болды.