Шымкентте гастролёр пәтер ұрысы ұсталды

27

Мегаполис полицейлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тұрғын үйлерден ұрлықпен айналысқан Астана қаласының тұрғынын ұстады.

Ол қаладағы Әл-Фараби ауданында 2 пәтерді тонап кеткен. Үй иелері құны жарты миллион теңгеге жуық ұялы телефондары мен алтын бұйымдарынан айырылған.
Жігіт үйде біреудің бар-жоғын білу үшін домофондарға қоңырау шалған немесе подъездерге кіріп, пәтер есігінің ашық екенін тексерген. Содан кейін ол тұрғын үйлерге кіріп, бағалы заттарды тез алып, ізін суытып отырған.
Тергеушілер оның Алматы аумағында осындай жайтқа қатысы барын анықтады. Сонымен қатар, күдіктінің бұрын да пәтер ұрлығы үшін сотты болғаны белгілі болды.
Полицейлер оның Астана, Алматы, Тараз және Шымкент қалаларында басқа да дәл осындай қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екенін айтады.
Қазіргі уақытта Әл-Фараби АПБ Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Күдікті қамауда.
Полиция қызметкерлері мынаны ескертеді: берік есіктер, жақсы құлыптар және оңай қол жететін жерде қалдыруға болмайтын заттарыңызға мұқият болу, ұрыларға сіздің мүлкіңізден пайда табуға мүмкіндік бермейді.