Биыл Шымкентте 228 тұрғын мемлекеттік қайтарымсыз грант жеңіп алған. Соның бірі — Балнұр Байкөзова. Ол мемлекеттік қолдауға қол жеткізіп, наубайханасын кеңейткен. Қазір оның қол астында 15 қызметкер күн сайын 40-тан аса нан өнімін пісіріп шығарады.
Шымкенттік кәсіпкер Балнұр Байкөзова табиғи ашытқыны қолданып, нан пісіруді қолға алған. Оның наубайханасында ұн өнімінің 40-тан аса түрі бар. Кәсіпкер бұл бизнесті осыдан 10 жылдай бұрын үйінде бастапты. Кейін мемлекеттен қайтарымсыз грант алып кәсібін кеңейткен. Ол енді өз өнімдерін брендке айналдыруды көздейді.
Балнұр Байкөзова, «Baldai nur» наубайханасының директоры: «Алғашында үйге кішкене ғана пісіретінбіз. 20 -30 шақты самса, бауырсақ пісіруден бастадық. Ендігі мақсатым — тағы да бір нүктемді ашсам ба деп отырмын. Цехты үлкейтуді мақсат етіп жүрмін. Ең бірінші мақсат — наубайханам «Балдайнұрды» Шымкент қаласындағы бренд қылу болып тұр. Сол жолда жұмыс істеп жатырмыз».
Бастапқыда наубайхана өз жұмысын 2 адаммен ғана бастаған. Қазір мұнда 15 қызметкер бар. Соның біір — Шакизат Қадыр. Ол наубайханада 1 жарым жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Шакизат Қадыр, наубайшы: «Бұл ұйғыр самсасы. Күніне 40 шақтысын пісіреміз. Сонымен қатар құс етінен жасалған самса бар. Одан 20-30 дана пісіреміз. Ал еттен жасалған самсадан күніне 70 дана шығарамыз»
Биыл дәл осылай кәсібін жандандыруды ойлаған 447 азаматқа 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант беру жоспарланған. Қазірге дейін 6000 –ға жуық адам грант алуға өтініш берген. Жыл басынан бері 2 лек өткізіліп, 228 тұрғын қомақты қаржыға ие болды.
Жұлдыз Балтабаева, Шымкент қаласы еңбек мобильді орталығы директорының орынбасары: «Білесіздер мемлекеттік грант өз ісін домалатуға өз кәсібін ашуға мүмкіндік береді. Грантты азамат 1 рет қана ала алады. Сонымен қатар грантты алу үшін «Бастау Бизнес» жобасы аясында сертификат алу керек. Сонсоң грантты еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар, қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар, өңіраралық қоныс аударушылар, АӘК алушылар, көпбалалы отбасылар, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар алуға мүмкіндігі бар»
Айта кетейік, 2022 жылы 1195 азамат мемлекеттік грант иегері атанған. Нәтижесінде 827 жұмыс орны ашылып, қосымша 25 азамат жұмыспен қамтылды.