Түркістан облысында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт ашылмақ

27

Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Шорнақ ауылдық округінде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін кәсіпорын салу жоспарлануда. Аталған жоба облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жүзеге асырылмақ.

Бұл жоба үшін арнайы 3 га жер бөлінді. Болашақта өндіріс орны қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы полиэтилен құбырын шығаруды көздеп отыр. Ал жауаптылар осы жобаның қуаттылығын жылына 500 тоннаға жеткізуді көздеуде. Бүгінгі күні зауытта 15 адам еңбек етеді. Өндіріс құны 675,0 млн теңгені құрайды. Қазір 2 кезеңнің жұмыстары және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету шаралары атқарылуда. Сонымен қатар қосымша құрал-жабдықтар сатып алу үшін екінші деңгейлі банк арқылы 300,0 млн теңгеге қаржыландыру күтілуде.

Аудан әкімдігі тарапынан барлық ауылдық округ әкімдеріне ауылдарда жиналған қатты тұрмыстық қалдықтарын осында өткізу бойынша тапсырма жүктеді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.