Адам қауіпсіздігі басты назарда! Түркістанда жазғы шомылу маусымындағы қайғылы жағдайларды азайту мақсатында мемлекеттен 15 бассейн берілді. Сонымен қатар кезең-кезеңімен рейдтер жүргізіліп, тыйым салынған әрекетке барған тұлғаларға 1 млн. теңгеден аса айыппұл салынған.
Түркістанда жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударылып отыр. Ол үшін арнайы рейдтер ұйымдастырылып, түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Нәтижесінде құзырлы органдар арқылы 141 жеке тұлғаға 1 725 000 теңге айыппұл салынды. Ал шомылу маусымында суға кету фактісін азайту мақсатында модульды бассейндер сатып алынған.
Нұрғали Жүнісов, ТО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы: «Департаменттің аудандық, қалалық ТЖ бөлімдері мен басқармалары тарапынан 2624 қызметкер тартыла отырып, 1172 рейд ұйымдастырылды. Нәтижесінде құзырлы органдар арқылы 141 жеке тұлғаға айыппұл салынды. Шомылатын айдындары жоқ жерлерге 15 дана каркасты модульды бассейн сатып алынды. Осылайша балалар қауіпсіздігіне баса назар аударылып жатыр»
Түркістан облысында биыл 19 мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Ол үшін бюджеттен 4 млрд. теңге бөлінген. Оның 17-сінің құрылысы жаңа оқу жылына дейін аяқталады. Сонымен қатар, ағымдағы оқу жылында мектептерді заманауи асханамен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Бейсен Тәжібаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Биылғы жылы кезек күттірмейтін мәселеге мектептердегі күрделі жөндеулерді жүргізу, мектеп формасы, тамақтандыру мәселелерін шығарып отырмыз. Себебі бұл негізінен облыстағы осал әлеуметтік топтарды қамтиды. Оның үстіне биыл 19 мектепті күрделі жөндеуден өткізіп отырмыз. Оған 4 жарым млрд теңге қаралған. 19 мектептің 17-сі осы ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін пайдалануға беріледі».
Жиын барасында барлық басқармалардың баяндамасын тыңдаған өңір басшысы инфрақұрылым мәселесін көтерді. Елімізде ауыз су тапшылығынан қиналып отырған ауылдар бар. Облыс әкімі сондай елді мекендерге мониторинг жүргізіп, проблемаларды оңтайлы шешуді тапсырды.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты бақылауда болуы тиіс. Тұрғындардың өтініш-тілектері, көтерілген мәселелер бойынша әкімдіктер, басқармалар жедел әрекет етулері керек. Ағын сумен, ауыз сумен қамту бойынша нақты жұмыстар жалғасқаны жөн. Дала өрттерінің алдын алу, суға шомылуда қауіпсіздікті сақтау, балалардың қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жұмыстар да жүйелі атқарылуы қажет»
Сонымен қатар кездесуде шаруаларды ағын сумен қамту және вегетациялық маусымға дайындық деңгейі бойынша Жетісай мен Мақтаарал ауданы әкімдері есеп берсе, соңғы уақытта көп ауру белгілері анықталған конго-қырым қызбасының алдын-алу шаралары жөнінде Төлеби мен Сауран ауданы әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.