Келестегі мектептерге Жапония елінің білім беру жүйесі енгізілмек

30

Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының тікелей қолдауымен оңтүстік ұстаздары Жапония еліне халықаралық іс-сапарға барып қайтқан болатын. Делегация құрамында Келес ауданынан аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлназ Қасымбекова болып, тың тәжірибеге ие болып оралды.

– Жапониядан елге оралғанда бізді үш сұрақ мазалады. Біз балаларды қалай оқытып жүрміз? Біз балаларды қалай тәрбиелеп жүрміз? Біз сабақты қалай зерттеп жүрміз? Токиоға барғанда аспанға бой созған ғимараттарды көріп мұхиттың ар жағында жатқан алақандай елдің алпауыт жетістіктерге жетуінің сыры неде деп ойлайсың? Шынында, алып еменнің беріктігі күретамыры терең бойлағанынан, ал елдің келешегі кемел болуы тікелей сапалы білімге қатысты. Бір қызығы Жапонияда балалар 6-сыныпқа дейін адамгершілік, әдеп туралы арнайы сабақтар өтеді екен. Ал оқушыларға үй тапсырмасы берілмейтіні Токиоға барған біраз әріптестерімді таң қалдырды. Бір ерекшелігі Жапония мектептерінде спорт зал мен акт залын біріктіріп салады екен. Бұл мектепте ерекше үйлесім тапқан орынға айналатынына куә болдым. Елімізде соңғы жылдары салынып жатқан BINOM, Iqanat сияқты жекеменшік мектептердің жалпы архитектуралық құрылысы балаларға жайлы жағдай жасайды. Ал енді салынатын барлық мемлекеттік білім беру ұйымдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінде салынса деген үміт бар. Өйткені балаға қолайлы жағдай жасалған кезде ғана сапалы білім, саналы тәрбие беруге болады, – дейді Гүлназ Ерғалиқызы.
Келес ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Жапония мұғалімдерінің сабақ өткізуі мен ізденісі, олардың өз мамандығына деген адалдығы, еңбекқорлығы, елдік санада тәрбие беруі өңіріміздегі білім ошақтарында да кездесетінін атап өтті.
– Yokohama қаласының Tobe бастауыш мектебінің зерттеу сабақтарына қатыстық. Сабақты зерттеу әдісі бізде де бар. Атап айтқанда Келес ауданында №39 Л.Жолдасов атындағы жалпы білім беретін мектебі, №22 З.Рүстемов атындағы атындағы жалпы білім беретін мектебі, №2 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп-гимназия сияқты білім мекемелерінде сабақты зерттеу әдісі қолданылады. Алайда осы мектептердегі халықаралық зерттеулер мен білім сапасын салыстырып қарайтын болсақ бұл әдістің әлі толық мүмкіндігін пайдалана алмай жатқанымызды түсінеміз. Шын мәнінде сабақты зерттеуде сыныпқа кіріп мұғалімнің сабағына баға беріп ғана қоймай, білім алушылардың тақырыпты түсінуі, қандай тапсырмаларды орындауда қиындық туып жатқандығы сияқты барлық мән-жайға назар аудару керек, – деді Гүлназ Қасымбекова.
Айта кетейік, қазіргі таңда Келес ауданындағы білім ошақтарына Жапония білім беру жүйесін толық енгізу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақтырақ тоқталсақ, №39 Л.Жолдасов атындағы жалпы білім беретін мектебі мен №28 «Мақташы» жалпы білім беретін мектебінде 2024 жылдан бастап халықаралық тәжірибені енгізу жоспарланған. Осы мектептерде Жапония тәжірибесін ғана емес, ұлттық білім беру жүйесін енгізу жоспарланған.