Жүк көлігіндегі қарбыздың арасынан құны 2,5 млн. доллардан асатын есірткі табылды

68
фото Полиция.кз

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында Қазақстан Республикасы арқылы өткен героиннің ірі партиясы “транзитінің” жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Ағымдағы жылдың шілде айында Павлодар – Омбы бағытындағы автожолда арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерінің күштік қолдауымен жүк көлігін тізгіндеген 54 жастағы Қырғызстан Республикасының азаматы ұсталды. Жүк көліктің Volvo маркалы тіркемесінде Қырғызстаннан Ресейге жеткізілуі тиіс қарбызбен қоса, 59 килограмм “героин” салынған 21 полиэтиленді орама және 10 килограмм “гашиш” салынған екі орама анықталып, тәркіленді», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.

Бұл шамамен 250 мың бір реттік доза, оның қара нарықтағы құны 2,5 миллион доллардан асады. ҚР ҚК-нің 286-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды (Айналымнан алынған заттардың немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы). Қылмысты ұйымдастырушыға мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. – Қазіргі уақытта осы есірткі қылмысының өзге қатысушылары мен ұйымдастырушыларын, сондай-ақ есірткі жеткізудің басқа да ықтимал арналарын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді Асқар Мұхаметқалиев.