Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» кәсіп бастағысы келіп жүрген әйелдер үшін тегін оқытуды бастады. Қазір қаланың қыз-келіншектері кәсіби мамандардан массаж ісін үйреніп, жаңа саланы игеруде. Бұл іс-шара мемлекеттік қаражат есебінен тегін негізде өткізіліп жатыр.
Мерей Ибрагим қазір декреттік демалыста жүргеніне қарамастан жаңа саланы үйренуге бет бұрған. Негізі мамандығы бастауыш сынып мұғалімі. Бүгінде Атамекен кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған курсқа қатысып жатыр. Үйіндегі кішкентай балаларына массаж жасап қолымды үйретіп жүрмін дейді жас ана.
Мерей Ибрагим, декреттегі ана
«Біз осы курсқа әйелдерді кәсіпкерлік одақтан әйелдерді қолдау ретінде жіберіліп жатыр. Осы массажға сол арқылы келіп жатырмыз. Маған бәрі өте ұнап жатыр. Теория практика бәрі болып жатыр. Көңілімнен шығып жатыр. Өзімнің қызығушылығым арқылы осы массаж курсын оқуға келдім. Массажды үйреніп өзімнің балаларыма өзім жасағым келеді».
Аталған курсқа қатысу үшін қалалық кәсіпкерлер палатасына өтінім тастап, қалаған бағыт бойынша курс оқуға болады. Бүгінде массаж саласын үйренуге 25 қыз-келіншек ниет білдірген екен. Оқу теория мен практика жүзінде жүргізіледі. Соңында қатысушыларға арнайы сертификат беріледі дейді ұйымдастырушылар.
Айдана Бейсебекова, Атамекен кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы
«Кәсіпкерлік палатасында әйелдерге қызмет көрсету орталығы бар. Келген әйелдер 18 жастан кейінгі әйелдер. Өздерінің өтінішін беріп, қалаған мамандығын алуға болады. Биылға 5-6 бағытымыз бар. Келесі этапта смм маркетинг, кондитерлік өнімдер. Қатысушы үшін кәсіпкерлер палатасына келіп, өтініш беру керек, арнайы формасы бар. Соны толтырып қатысуға болады».
Жыл соңына дейін қала бойынша 120 қыз-келіншекке аталған бағыттар бойынша білім беру жоспарлануда дейді мамандар. Айта кетейік, мұндай оқыту шаралары биылдан бастап жүзеге асуда. Бұл қосымша мамандықты меңгеріп, кәсіп ашамын деген нәзік жандылар үшін де мемлекет тарапынан берілетін керемет мүмкіндік.