Үшінші мегаполисте мемлекет басшысының жолдауына сәйкес бұқаралық спорт түрлерінің дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін арттыру мақсатында мемлекеттік бюджеттен 2 млрд. 323 млн. теңге қаржы бөлінді. Мамандар қаражат өңір спортын дамытуға жоспар аясында жұмсалып жатқанын айтады
Мансұр Тұрғанбеков 7 жасынан бері футболмен кәсіби түрде айналысады. Оның танымал спорт түріне қадам басуына туған ағасы түрткі болған екен. Бастапқыда Мансұр футболды жай қызығушылық ретінде қабылдаған. Десек те бүгінде футбол өмірлік миссияма айналды дейді жас футболшы.
Мансұр Тұрғанбеков, жас футболшы: «Мен футболға 7 жастан бастап келдім. Футболға қызыққан себебім ағам футбол ойнады. Мен де соған қызығып соларға еріп қосылдым. Сол арқылы «Болат» футбол командасына келдім. Мықты «Реал Мадрид», «Барселона» деген командаларда ойнағым келеді. Қазақстанда ойнайтын болсам «Ордабасыға» барар едім, ол үшін күнде жаттығу жасаймын, күнде еңбек етемін, үлкен жетістіктерге жету үшін».
Қазіргі уақытта елімізде спортқа икемі бар балалар мен жасөспірімдердің үйірмелерге тегін қатысуына барлық жағдай жасалған. Мәселен, биыл дәл Шымкенттің өзінде спорт түрлеріне қызығушылығы бар 5 жастан 17 жасқа дейінгі азаматтар 32 кәсіпкерлік нысандағы үйірмелерде тегін жаттығып отыр.
Атабек Айбекұлы, «Болат» спорт мектебінің директоры: «Қазіргі заманда футбол ең танымал спорт түрі болып табылады. Сол үшін бүкіл ата-аналар балаларын осы спорт түріне береді. Футболда жас балалар мен жасөспірімдер үшін мүмкіндіктер зор. Топтық ойын болғандықтан жеңіске жету оңай болады. Қазақстан футбол құрамасы жақсы көрсеткіш көрсетіп келеді. Сондықтан біз дұрыс бағыттта дамып келе жатырмыз деп ойлаймын».
Шохриза Ирискулов, «Болат» спорт мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары: «Мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін 2 анықтама қағазы қажет. Біріншісі денсаулық туралы, екіншісі ата-анасының төлқұжаты. Қатысушыны «ДамуБала» бағдарламасына кезекке тұрғызамыз. Сөйтіп қалалық кезек бойынша қабылдауды бастаймыз».
Былтыр Шымкенте спорттық тапсырысты іске асыруға жергілікті бюджет кірісі есебінен 439 млн теңге бағытталып, 110 кәсіпкер 18 863 баланы спорттық секциямен қамтыған болатын. Сонымен қатар жоба аясында 338 жаттықтырушы және 200-ге жуық басқа да қызметкерлер жұмыспен қамтамасыз етілген. Айта кетейік, мұндағы 20 спорт түрлеріне үстел теннисі, қазақ күресі, волейбол, теннис, жүзу, футбол жатады.
Мақсат Орынбаев, Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт және инфрақұрылым бөлімінің басшысы: «Қазіргі таңда Шымкент қаласында футбол спортының дамуы бойынша мемлекеттік мекемелер жұмыс жасап жатыр. Олар яғни спорт мектептері. Қалада 3 мыңға жуық бала, түрлі жас деңгейі бойынша футболмен жаттығып жатыр. Футбол спортын дамыту бойынша жан басын шаққандағы спорттық секцияның қаржыландыру жобасы бойынша 32 кәсіпкер жұмыс жасап жатыр».
Бүгінде үшінші мегаполис бойынша футбол үйірмесіне ақысыз түрде 4000-ға жуық бала тегін қатысып жатыр. Биыл мемлекеттік бюджеттен жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасына 2 млрд. 323 млн. теңге бөлінген. Аталған жоба 64 спорт түрін қамтиды. Ал Шымкентте оның 20 түрімен 14 мыңнан астам бала жаттығуда.