Бүгін қалалық көрме орталығында тұрғын үй жәрмеңкесі басталды. Екі күнге созылатын жәрмеңкеге 17 құрылыс компаниясы қатысып, келушілерге көрсетілетін жеңілдіктірмен таныстырды.
Тұмаркүл Нұртаева 12 жылдан бері 5 баласымен бірге пәтер жалдап тұрады. Оның тұрғын үй кезегінде тұрғанына 4 жыл болған. Пәтер жағалап жүруден шаршаған ол көрмеге баспана бағасымен танысуға келген.
Тұмаркүл Нұртаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «12 жылдан бері пәтер жалдап тұрамын. 5 бала — шағам бар. Тұрғын үй кезегінде 2019 жылдан бері тұрамын. 3 бөлмелі пәтер іздеп жүрмін. 3 бағдарламамен таныстым. Әзірше қымбаттау. Үйлерді пайызсыз берсе екен деп ойлаймын. Өзімнің айлығым 80 мың теңге ғана. Қазақтың көбі баспанасыз жүр. Жағдай жақсарса екен».
Қазір Отбасы банкке 200 мыңға жуық шымкенттік депозит ашып, қаржы құйған. Оның 15 мыңнан астамы осы жылы салым ашқан. Келушілер жеңілдетілген несие алу тәртібімен танысты.
Ақерке Үйсінбаева, «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің бастығы: «Мұнда келген тұтынушылар жәрмеңеде мердігер компанияларды аралап, біздің кеңесшілерден кеңес ала алады. Қазір бізде көптеген ірі құрылыс мекемелері 17-18 күні 15 пайызға дейін жеңілдіктер ұсынып жатыр. Бүгінгі таңда бізде 200 мыңнан астам салымшы бар. Өз жинақтарын жинап жатыр. Жинақ жинап 3,5 пайыздан 10 пайызға дейін жеңілдетілген пайызбен несие ала алады».
Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының мәліметінше, үшінші мегаполисте тұрғын үй алу тізімінде 50 167 азамат тұр. Оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1 990 бала, 10 851-і көпбалалы отбасы. Ал әлеуметтік осал топтағы 17 434 азамат бар.
Және мемлекеттік, бюджеттік, әскери қызметтегі 19864 адам, апатты үйлерде тұратын 28 азамат кезекте тұр. Айта кетейік, қалалық көрме орталығында өтіп жатқан жәрмеңке 18 тамыз кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.