Биыл қыркүйекке дейін пайдалануға берілетін 15 жаңа мектептің құрылысы мерзімінде аяқталмай қалуы мүмкін. Бұл туралы үкіметтің кезекті отырысында Премер-Министр Әлихан Смайлов айтты.
Биыл бірінші қыркүйекте ел бойынша 52 жаңа мектеп, ал жыл соңына дейін тағы 102 мектеп пайдалануға беріледі. Осылайша 12 апаттық және 29 үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесін шешімін таппақ. Сонымен бірге 260 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр.
Премьер-министр жаңа оқу жылында ашылатын 52 мектептің 15-і уақытылы жұмысын бастай алмай қалуы да мүмкін дейді. Ондай мәселе бар өңірдің бірі Түркістан облысы.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: «Мұндай объектілердің басым бөлігі Түркістан облысы мен Астана қаласында орналасқан. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жаңа мектептердің іске қосылуын қамтамасыз ету қажет».
Үкімет басшысы елімізде күрделі жөндеуден өтіп жатқан 180 мектеп жайлы да айтып, жаңа оқу жылына дейін жөндеу жұмысы аяқталмай қалу қаупі бар мектептер де бар екенін жеткізді. Мұндай жағдай орын алмас үшін жауаптыларға тапсырма берді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:«Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай 2 мектептен бар. Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдауы қажет. Нормаға сәйкес барлық құрылыс жұмысы жаңа оқу жылының басталуынан екі апта бұрын аяқталуы керек. Оқушылар таза әрі бояу исі жоқ сыныптарға келуге тиіс»
Үкімет басшысы мектеп формасының қолжетімді бағада болуын да тілге тиек етті. Ол үшін арнайы жәрмеңкелер жиі өткізу керек дейді ол.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: «Шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңкелері мен көшпелі автодүкендерді ұйымдастыру қажет. Әкімдіктер, Оқу-ағарту, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері мен «Атамекен» палатасы оқу құралдары мен мектеп формасының қолжетімді бағасын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауға тиіс»
Үкімет отырысында бейнебақылау камералары да назардан тыс қалмады. Білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету бойынша да сөз қозғалды.