Әділетті Қазақстан: Шымкентте білім саласын цифрландыру мәселесі талқыланды

11

Шымкентте республикалық деңгейде Тамыз кеңесі өтіп жатыр. Еліміздің барлық өңірінен мамандар қатысып жатқан жиында білім саласын цифрландыру мәселесі талқыланды. Айтулы салаға қатысты жүзеге асатын жобаларды жайы да осы шарада айтылды.

Үшінші мегаполисте дәстүрлі Тамыз кеңесі өтіп жатыр. Бұл жолы жиын ел президентінің бастамасымен «Әділетті Қазақстан: Cапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбымен республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Шараға еліміздің әр өңірінен 200-ден аса қонақ келді. Соның бірі testter.kz ұжымы. Олар мектеп оқушылары үшін онлайн ҰБТ-ға дайындық порталын ашқан. Онда тест тапсырып қана қоймай, практикалық түрде оқу мүмкіндігі де қарастырылған. Сонымен қатар, сайттан мектепке қажетті тоқсандық, бөлім бойынша бақылау, біліктілік тесттерін де табуға болады.

Дінмұхамед Құмарғазин, «testter.kz» өкілі: «ОПЗ, мұғалімдерге тестілеулер, ББЖМ, PISA, TIMSS бойынша тесттер бар. Мысалы ҰБТ-ны алайық. Мұнда барлық қосымша пәндер бар. Бірінші қажет 2 пәнді таңдап, қазақ тілін таңдайсыз. Тестті өткеннен кейін, аяқтауды басып, қорытындысын көруге, қатемtн жұмыс істеуге болады. Ал тест біткен соң таңдаған пән бойынша қандай мамандықтар бар, оның бәрі көрсетіліп тұрады. Ал мұнда сол мамандықты қайда оқытатыны бар»

Шарада білім беру саласындағы қызметтерді цирфландыру мәселесі қозғалды. Сондықтан түрлі онлайн платформалар мен робототехникалардан арнайы көрме ұйымдастырылды. Ал қаланың бас педагогы білім басқармасына қарасты 30 қызмет түрі электронды форматқа көшкенін айтады.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Бұған дейін проблемалы болып келген балаларды электронды кезекке қою, баланы мектептен мектепке көшіру, бұлтты бухгалтерия, ұстаздарды жұмысқа қабылдау толығымен электронды түрге көшті. Осы жиын барысында өзіміздің тәжірибемізбен бөлісетін боламыз».

Биыл білім беру жүйесін цифрландыру бойынша бірнеше пилоттық жоба әзірленіп жатыр. Соған бойланысты жаңа модульдер мен құралдар құру көзделген. Мұның бәрі баланың еркін білім алуына септігін тигізеді.

Айбат Ілиясов, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі: «Оқушылар мектепте жартылай онлайн платформалар арқылы білім алады. Бірақ бұл белгілі бір дәрежеде ғана. Ал негізгі білім қағаз жүзінде жүреді. Дегенмен де өздеріңізге белгілі дәстүрлі білімге ештеңе де жетпейді. Сондықтан жартылай онлайн оқулықтар, жартылай қағаз кітаппен оқытылады».

Басқосуда алда атқарылатын жұмыстар барысы сөз болды. Атап айтқанда балабақшаға кезекке тұру жүйесі автоматтандырылады. Бала туған кезде ата-анасына кезекке тұру туралы хабарлама жіберілетін болады. Мамандардың сөзінше, бұл білім саласындағы ашықтықты қамтамасыз етеді.