Шымкентте Адырбеков көшесінің бір бөлігінің құрылысын аяқтау мерзімінен кешігеді. Мұны жөндеу жұмысын істеп жатқан мердігер компания өкілдері айтты. Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес, құрылыс жұмысы алдағы қыркүйекте аяқталуы тиіс еді.
Адырбеков көшесіндегі жол құрылысы 2021 жылдың қарашасында басталған еді. Жібек жолы мен Жандосов көшесі аралығындағы 1,5 шақырым жолдың жұмысы алдағы қыркүйекте аяқталуы тиіс болатын. Бірақ белгілі себептермен жол құрылысы белгіленген межеден кеш бітпек.
«Құрылыс кезінде жол бойындағы құдықтың жер астында бірқатар мекемелердің кабельдері қалып, соларды жолдың шетіне шығаруымыз керек. Тиісті мекемелерді хабардар еттік, кесте түзді. Сол кестеге сәйкес жаңа дайындап қойған құдықтағы дайын футлярларға орнықтырады»,- дейді «Базис К» ЖШС-нің инженері Сәдуақас Исмаилов.
Бұдан бөлек, қызыл сызықта салынған нысандар құрылыс қарқынына кері әсерін тигізген. Қазір қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының араласуымен 20 нысанға қатысты оң шешім шыққан. Ал тағы 3 объекті бойынша тиісті жұмыс атқарылып жатыр.
Ұзындығы 3 шақырымға жуық Адырбеков көшесіндегі жол құрылысы өтпелі нысан. Былтыр 1,5 шақырымға жуық жолдың бөлігі жөнделіп, пайдалануға берілген еді. Құрылыс барысында тозығы жеткен су, электр, телекоммуникация желілері және газ құбырлары толығымен алмастырылып қайта жаңарған. Жолдың бойына лотоктар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы да төселді.