Алаяқтар сіздің атыңыздан несие алса, не істеу керек? Заңгер кеңесі

700

Соңғы уақытта интернет алаяқтарға алданған тұрғындар саны артып келеді. Өйткені қаскөйлер түрлі айла-тәсілдерді қолдануға көшкен. Егер алаяқтар сіздің атыңыздан несие алып және ол туралы сіз білмесеңіз не істеу керек?

Назарларыңызға редакция заңгері Венера Нұрғалиқызының кезекті кеңесін ұсынамыз.

Заңгер бірінші кезекте жеке басыңызды куәландыратын куәліктен бастап, деректеріңізді ешқандай жанға бермеу керектігін ескертеді. Сонымен қатар кредиттік тарихыңызды алып, оны жиі тексеріп тұрғаныңыз дұрыс. Егер несие рәсімделіп, сіз одан бейхабар болсаңыз, несие тарихыңыз арқылы қай банктен несие алынғандығы жөнінде біле аласыз. Банк немесе микроқаржы ұйымдарында барлық деректер сақталады.

«Банкке барып арызданыңыз! Банк өз тарапынан сізге несие туралы келісімшарт көшірмесін, оның қосымшалары мен жеке басты анықтайтын құжаттарды, сонымен қатар ақша аударылған шоттың реквизиттерін беруі тиіс. Егер банк бұл құжаттарды беруден бас тартса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдана аласыз. Содан кейін барып, құқық қорғау органына барып арызданыңыз»,-дейді Венера Нұрғалиқызы.

Полицияға шағым түсірілгеннен кейін адамның жазуын танып айыратын сараптама тағайындалады. Ол кредит туралы келісімшартқа несие алушы өзі қол қоймағанын дәлелдеуге септігін тигізеді. Егер несие қарыз беретін автоматтандырылған аппараттан алынса, ол жерде бейнекамера орналастырылған. Сол бейнекамера арқылы табуға болады. Ал онлайн қарыз болса, полиция қаскөйлерді IP көмегімен анықтайды.