Алғашқы ұстазыңыз есіңізде ме?

77

 

Елімізде 380 мыңнан аса бала мектепке барады. Оларды алғашқы ұстазы қабылдап алып, білім әлеміне жетелейді. Ал біздің арна тілшілері өзінің алғашқы мұғалімі туралы не айтады? 

1 қыркүйек – Білім күні. Шымкентте 28 мың бала мектеп табалдырығын аттайды. Ал «Отырар» телеарнасының тілшісі Шуддин Саидов осыдан 33 жыл бұрын Төлеби ауданы, Тасарық ауылындағы Тоқболат Тоғысбаев атындағы орта мектептің бірінші сыныбына барған. Ол қаншама жылдар өтсе де алғашқы қалам ұстатқан жанның атын ешқашан ұмытпаймын дейді.

Шуддин Саидов, «Отырар TV» телеарнасының тілшісі: “Мен алғаш сабаққа 1990 жылдары бардым. Анама барғым келмейді деп біраз ыңылдағаным бар. Алайда алғашқы ұстазым Валентина Рыбакова қолымнан ұстап, “Ешқандай да, үйге қайту жоқ. Осында оқисың” деді. 11 жыл білім алып шықтым. Рахмет ұстаздарыма. Сонымен қатар, менің сынып жетекшім Жандар Меденов деген ағай болды. Менің осылай қалыптасуыма соның ықпалы болды. Себебі өзінің ерекше сабақ өту әдіс-тәсілі бар еді”.

Ал телеарнаның ең жас тілшісі Иззат Миралиев интернатта білім алған. Ол бастауыш мектепте 1 емес 2 бірдей ұстазының болғанын айтады. Соның арқасында тез әліппе танып, оқу үлгерімі жақсарған.

Иззат Миралиев, «Отырар TV» телеарнасының тілшісі: “Мен Шәуілдірдегі Ө.Жәнібеков атындағы мектеп интернатта оқыдым. Мектепте 2 ұстазымыз болатын. Сынып жетекшім Айнагүл, ал тәрбиешім Динара деген апай болды. 2 сыныпқа дейін сонда оқыдым. 3 сыныпта қалаға ауысып келдім”.

Шымкент қаласының бас педагогы Жанат Тәжиева «1976 жылы алғаш қалам ұстатып, білім нәрін берген Тазагүл Мәуленқұлованың есімі мәңгі жадымда» дейді. Ол сынып жетекшісінен адами қасиетті үйреніп, үлкен өмірге азық жинағанын жеткізді.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Отырар ауданы Шәуілдір ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектепке бірінші сыныпқа барғам. Алғашқы ұстазым әрине есімде. Мұғалімім – Тазагүл апай. Тазагүл Мәуленқұлова. Ол кездегі апайларымыз тұнып тұрған ерекше қасиетімен есімізде қалды. «Қалдырған ізің мәңгілік, жадымда тұрар жаңғырып» деп апайымның кескін келбеті есімізден әлі кеткен жоқ».

Алғашқы ұлағатты ұстаздардың тағлымы бала үшін мәңгілік азық. Ал биыл елімізде сол біліммен сусындауға 380 мыңнан аса бүлдіршін білім ұясының табалдырығын аттайды.